Жастарға жат ағымнан сақтанудың жай-жапсары түсіндірілді

Жастарға жат ағымнан сақтанудың жай-жапсары түсіндірілді

Шымкент қаласында Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Жастар ресурстық орталығында «Адал азамат: шет елдегі білім, күмәнді теологиялық оқу орындары және жат діни ағымдардың қаупі» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өтті. Бұл жиынның мақсаты жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, теріс діни ағымдардың қоғамға тигізетін кері әсерін түсіндіру, діни сананы нығайту және рухани тұрақтылықты арттыру болды.

Жиынға республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, теологтар мен дінтанушылар қатысып, жастармен ашық сұхбат өткізді.

Кездесу барысында мамандар жастарға шетелде діни білім алу кезінде сақтық шараларын сақтау қажеттігін, күмәнді теологиялық оқу орындарының ықтимал зардаптарын, деструктивті діни ағымдардың белгілерін және әлеуметтік желілер арқылы таралатын радикалды идеялардың алдын алу жолдарын кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар қатысушыларға «Әмірдің ақыры», «Адастырған “Ақиқат”» атты деректі фильмдер мен «Жат ағымның қаупі қандай?», «Онлайн медресе – кімнің ордасы?» атты бейнероликтер көрсетілді.

Іс-шараға екі кезеңде 1400 студент қатысып, мамандарға көкейдегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Бағдарлама үш күнге жоспарланып, 5-7 қараша аралығында қаладағы 9 жоғары оқу орны мен 16 колледждің студенттері мен оқушылары қамтылады. Бұдан бөлек, 18 жекеменшік мектепте де түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, «Адал азамат: жат діни ағымдардың қаупі және мектеп ережелерін сақтау» тақырыбында кездесулер өтеді.

Іс-шарада сөз сөйлеген философ-дінтанушы Досай Кенжетаев жастарға бағытталған тәрбиелік және рухани ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, қоғамда әртүрлі әлеуметтік қабат пен буын бар, олардың арасындағы қарым-қатынасты дұрыс қалыптастыру маңызды. Бүгінде жастардың санасына түрлі ішкі және сыртқы ықпал етуші күштер әсер етуі мүмкін. Әсіресе бұрынғы ваххабизм, сәләфизм сияқты радикалды ағымдардың салдары әлі толық жойылған жоқ. Сонымен қатар Батыс пен Шығыста пайда болған жаңа діни ағымдар да жастарға ықпал етуге тырысып отыр. Бұл сана үшін күрес, құндылықтар жарысы. Сондай-ақ ол мемлекеттің негізгі мақсаты жастарды осындай идеологиялық және діни қауіп-қатерлерден қорғау, алдын алу екенін айтады. «Зайырлылық дінге қарсы емес, керісінше барлық дінге тең және әділ орта қалыптастыратын жүйе. Әр азаматтың сенуіне де, сенбеуіне де құқығы бар. Бұл қағида қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтаудың басты кепілі», деп атап өтті ол.

Спикер жастарға ақпараттық кеңістіктегі еркіндіктің жауапкершілігін түсінудің маңызын да жеткізді.

«Әлеуметтік желіде жазылған әрбір пікір мен айтылған сөз біреудің санасына әсер етеді. Жастардың көпшілігі шындық пен жалғанды, пікір мен насихатты ажырата алмай жатады. Сол себепті медиасауаттылық пен сын тұрғысынан ойлау қабілетін қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талабы», деді ол.

Философ-дінтанушы өз сөзінде отбасының, тіл мен дәстүрдің рөлін ерекше атап өтті. Отбасы – мемлекеттің ең кішкентай әрі ең маңызды ұясы. Егер отбасында тұрақтылық болса, мемлекетте де тұрақтылық орнайды. Ал тіл, мәдениет және дәстүр – біздің рухани тірегіміз. Дін ұлтты жоюшы емес, қайта рухани тазартушы күш болуға тиіс. Зайырлылық дінді жоққа шығару емес, оны қоғамда әділ әрі бейтарап қағидамен реттеу», деді Досай Кенжетаев өз сөзін түйіндеп.

Ал «Жалын» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрмет Керімбеков жастардың діни тұрақтылығын сақтау бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.

«Қазір діни тұрақтылықты сақтау күн тәртібіне жаңадан енгізілген мәселе емес. Бұл бағытта Шымкент қаласының Дін істері басқармасымен бірлесіп, қоғамдық ұйымдар арнайы іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Мақсаты жастардың діни сауатын арттыру, жат ағымдардың ықпалынан сақтау және зайырлы қоғам қағидаттарын түсіндіру», деді ол.

Оның айтуынша, үш күнге жоспарланған бағдарлама аясында қаладағы барлық жоғары оқу орындарында кездесулер өтеді. Жастар орталығында теологтар мен дінтанушылар студенттерге қауіпсіз әрі сенімді діни білім көздері туралы түсіндіріп, шетелдік күмәнді оқу орындарының зиянын нақты мысалдармен жеткізіп жатыр. «Жастар арасында діни көзқарастар көбінесе әлеуметтік желілер арқылы қалыптасып жатыр. Ақпараттың көптігі мен сараптау қабілетінің әлсіздігі салдарынан кейбір жастар радикалды бағыттарға еріп кетуі мүмкін. Сондықтан біз әрбір жасқа сенімді ақпарат пен дұрыс бағыт беруді басты міндетіміз деп санаймыз», деді ол.

Маманның айтуынша, қаладағы діни ахуал жалпы тұрақты. Жастардың 90 пайызы дінді ұстанады және басым бөлігі дәстүрлі бағытта. Дегенмен 1 пайызға жуық жас радикалды көзқарастардың ықпалына түсуі мүмкін. Осы себепті профилактикалық жұмыстар жүйелі әрі тұрақты түрде жалғасып келеді.

Бұл іс-шаралар тек діни түсіндіру ғана емес, сонымен қатар рухани қауіпсіздікті сақтау, ұлттық құндылықтарды нығайту және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған кешенді бастама болып отыр.

Қорытындылай келе, Шымкент қаласында өткен «Адал азамат» атты түсіндіру іс-шарасы жастардың діни сауаттылығын арттырып, рухани иммунитетін күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды.

Жадыра Мүсілім, “Шымкент келбеті”