Шымкент қаласында студенттік өмірдің қызығы мен шыжығын әсерлі жеткізетін жаңа «Жатақхана» атты комедиялық қойылымның премьерасы көрерменге жол тартты. Қойылымның қоюшы режиссері — Шымкент әзіл-сықақ және сатира театрының көркемдік жетекшісі Берік Ерпатша. Спектакль жергілікті драматург, режиссер, педагог Еркебұлан Жолдасовтың «Біздің жатақхананың жігіттері» пьесасынан алынған. Бір кезде студент үйлерінде сахналанған бұл туынды он жылдан кейін жаңаша форматта қайта жаңғыртылып отыр.
Қойылымның оқиғасы бір бөлмеде бірге өмір сүретін алты студенттің күнделікті тіршілігінен бастау алады. Рахымбай Рамайұлы, Қызғұмар, Алпамыс, Ақын, оқымысты өзбек жігіті және спортшы — мінездері әртүрлі, болмыстары бөлек алты жігіт. Олардың қызықты күндері, тосын әрекеттері мен шынайы достыққа құрылған қарым-қатынасы күлкілі жағдайлар арқылы көрерменге ұсынылды. Әр көрініс студенттік шақты сағындырып, көрерменнің өз өмірінен таныс сәттерді еске түсіреді.
Басты кейіпкерлерден бөлек, күзетші, комендант, көрші қыз және комиссия сияқты қосалқы кейіпкерлер қойылымның жалпы атмосферасын толықтыра түсті. Жалпы он адамнан тұратын актерлік құрам сахнада табиғи үйлесім тауып, көрермен назарын бір сәтке босатпады.
Қойылымды жаңа форматта сахналаудың басты ерекшелігі — оның қазіргі заман жастарына жақындығы. Режиссер Берік Ерпатша бүгінгі трендтер мен әлеуметтік желілерде кең таралған тақырыптарды пьесаның өзегіне шебер кірістіргенін айтты. Диалогтар, әзілдер мен ситуациялар қазіргі жастар мәдениетіне сай бейімделіп, заманауи реңк берілген.
- Театр ұжымы үшін биылғы жыл ерекше қарбалас кезеңге айналып отыр. Жоспарлы түрде алты қойылым, жоспардан тыс бес спектакль сахналадық. Ай сайын жаңа премьера ұсыну — театрдың қарқынды еңбегінің айғағы. Желтоқсан айында да екі жаңа қойылым көрерменге жол тартпақ,- дейді Берік Ерпатша.
«Жатақхана» — студенттік өмірдің тәтті кезеңін қайта сезіндіретін жеңіл әрі мазмұнды қойылым ретінде көпшіліктің көңілінен шықты. Көрерменді бірден баурап алатын бұл комедия алда театрдың сүйікті туындыларының біріне айналары сөзсіз.
«Шымкент келбеті»