​ӨЗБЕК ЭТНОСЫНЫҢ «ДОСТЫҚ» МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

​ӨЗБЕК ЭТНОСЫНЫҢ «ДОСТЫҚ» МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

Шаһардағы Орталық саябақта өзбек этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күніне арналған «Достық» мерекесі аталып өтті. «Қоғамдық келісім» мекемесі, Шымкент қаласы ҚХА, ҚР өзбектерінің «Дустлик» қауымдастығы бірлесе ұйымдастырған іс-шарада өзбек халқының ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, арнайы концерттік бағдарлама көпшіліктің назарына ұсынылды.

Мерекеде көпшілік өзбек этносының мәдениеті және салт-дәстүрлерін тамашалады.

Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Әлтеев мерекемен құттықтап, “Достық” фестивалі ел бірлігін паш ететін маңызды іс-шара екенін атап өтті.

Қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев елімізде барша этностардың тілі мен мәдениетінің сақталуына барынша жағдай жасалғанына ризашылығын жеткізді.

-Елімізде 130-дан астам этнос өкілдері бірлікте, тату ғұмыр кешуде. Бірлігіміз бекем болсын. Достық мерекесінің жылдан-жылға ауқымы кеңейіп келеді. Бүгінгі іс-шараға қаладағы мектептерден қолөнершілер, өнерпаздар қатысуда. Көрмеде жергілікті кәсіпкерлер де отандық өнімдерін ұсынып жатыр. Біздің күшіміз - бірлікте, - дейді Т.Нишанбаев.

ҚР өзбектерінің «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов мерекенің жылдан жылға аясы кеңейіп келе жатқанын айтады. Қаламызда өзбек этномәдени бірлестігі 1989 жылы құрылып, жұмыс істеуде. Этномәдени бірлестік өзбек этносы өкілдерінің қазақстандық қоғамның ортақ құндылықтарын қастерлеуіне ұйытқы болып отыр.

«Шымкент келбеті»