Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ (ZHANIBEKOV UNIVERSITY) QS Asia University Rankings-2026 нәтижесі бойынша Азия университеттері арасында 1301–1400 орын және Орталық Азия бойынша ТОП-100 қатарына еніп, 71-орынды иеленді.
Аталмыш көрсеткішті 4 қарашада британдық QS Quacquarelli Symonds рейтинг агенттігі QS Asia University Rankings 2026 нәтижесінде жариялады. Бұл рейтингке 1500-ден астам жоғары оқу орны қатысқан болатын. ZHANIBEKOV UNIVERSITY осы жылы жаңа қатысушы (New Entrant) ретінде тіркеліп, халықаралық академиялық қауымдастықта өз орнын иеленді.
QS Asia University Rankings бағалау критерийлері 11 негізгі көрсеткіш бойынша бағаланды. Атап айтқанда, академиялық бедел (Academic Reputation), жұмыс берушілер арасындағы бедел (Employer Reputation), оқытушылар мен студенттер арақатынасы, ғылыми жарияланымдарға сілтеме жиілігі, әр оқытушыға шаққандағы мақалалар саны және халықаралық зерттеу желісі (International Research Network). Сондай-ақ, шетелдік студенттер мен оқытушылардың үлесі, академиялық ұтқырлық, зерттеу белсенділігі, институционалдық бедел, сапалық даму индикаторлары бағаланды.
Бұл жетістік ZHANIBEKOV UNIVERSITY ұжымының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Университеттің білім сапасын арттыру, ғылыми әлеуетті дамыту және халықаралық серіктестікті кеңейту бағытындағы жүйелі жұмысының айғағы. Университет алдағы уақытта да QS және Times Higher Education (THE) сияқты беделді рейтингтерде жоғары нәтижелерге жетуді мақсат етеді.