​Үздік”– білім мен тәрбие жолындағы тағылымды туынды

​Үздік”– білім мен тәрбие жолындағы тағылымды туынды

Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген ұстазы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинованың “Үздік”атты жаңа еңбегінің тұсаукесер рәсімі Шымкент қаласында жоғары деңгейде өтті. Салтанатты жиынға “Өрлеу” БАҰО” Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты, Шымкент қаласы Білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесі, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы, білім басқармасы, Әдістемелік орталық өкілдері, жалпы білім беру ұйымдарының басшылары, ата-аналар қауымы, химиялық-биологиялық және физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің директорлары, Республикалық «Дарын» мектеп-лицейінің ұстаздары мен ата-аналары қатысты.

Күләш Ноғатайқызының «Үздік» кітабы – жас ұрпақты жан-жақты дамытуға бағытталған, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, мұғалім мен ата-ананың бала тәрбиесіндегі бірлескен жауапкершілігін айқындайтын мазмұнды туынды. Еңбекте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтары мен альфа ұрпақпен жұмыс істеудің жаңа әдістемелік қағидаттары кеңінен қамтылған.

Салтанатты рәсімде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек құттықтау сөз сөйлеп, автордың ел білімін дамыту жолындағы өшпес еңбегіне айрықша тоқталды.

- Күләш Ноғатайқызы – саналы ғұмырын ағартушылыққа арнаған, қазақ білімінің дамуы жолында қажымай еңбек еткен қайраткер. Оның әрбір ізденісі, әрбір бастамасы – болашақ ұрпақтың жарқын келешегіне қызмет етеді. Еліміздің педагогикалық әлеуетін көтеруге қосқан үлесі өлшеусіз. “Үздік” кітабы да – тәжірибесі мен парасатының жемісі, жас буын мен ұстаздар қауымына бағытталған баға жетпес мұра, – деп жоғары бағасын берді.

Шара барысында жаңа кітаптың бейне-презентациясы көрсетіліп, автор Күләш Ноғатайқызы жиналған көпшілікке жүрекжарды алғысын білдірді. Іс-шара аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, автордың қолтаңба беру сәті өтті. Сондай-ақ оқырманмен еркін жүздесу алаңы құрылып, қатысушылар жаңа еңбектің мазмұнымен танысып, Күләш Ноғатайқызына өз ризашылықтарын жеткізді. Ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыстарын айтып, “Үздік” кітабының педагогтерге, ата-аналарға және жас ұрпақ тәрбиесімен айналысатын барша азаматтарға бағалы рухани-әдістемелік құрал болатынына сенім білдірді.

“Шымкент келбеті”