ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ЖҮРГІЗУШІСІ – ӨМІР ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАУАПТЫ МАМАНДЫҚ
Қожабеков Жұмабай Махсұтұлы 1962 жылы 15 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келген. 2008 жылдан бері Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем станциясында №2 бекеттің жүргізушісі болып қызмет атқарып келеді.
Жұмабай Махсұтұлы – өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, тәжірибелі маман. Ол күн сайын 16-18 шақыртуға шығып, науқастарға дер кезінде жетуді қамтамасыз етеді. Әр сапарында ең қысқа әрі қауіпсіз маршруттарды таңдап, бригада мүшелерін шұғыл оқиға орнына апарып, науқастарды тиісті медициналық мекемелерге жеткізеді.
Жүргізуші ретінде ол тек көлікті басқарумен шектелмей, дәрігер мен фельдшерге науқастарды тасымалдауға, тиеуге, түсіруге, қажет болған жағдайда иммобилизация жасауға көмек көрсетеді. Сонымен қатар, реанимациялық іс-шаралар кезінде өкпе-жүрек реанимациясына қатысып, медициналық құрал-жабдықтарды ұйымдастыру, қажет заттарды дайындау және қосып беру жұмыстарын атқарады.
Тәжірибесі мол маман ретінде Жұмабай Махсұтұлы жас жүргізушілерге тәлімгер болып, оларға өзінің кәсіби білімі мен тәжірибесін үйретуде. Ол біліктілігін үнемі арттырып, "Мамандандырылған техниканы қауіпсіз жүргізу – жедел жәрдем машинасы" курсын аяқтаған, сондай-ақ "Жедел жәрдем көлігінде қауіпсіз көлік жүргізу техникасы" (Safe Ambulance Driving Techniques) семинар-тренингіне қатысып, кәсіби шеберлігін шыңдаған.
Қазіргі таңда медициналық жедел жәрдем қызметінің сапасын арттыруға өз үлесін қосып, халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. Көп жылғы еңбегінің арқасында әріптестері мен басшылық тарапынан құрметке ие. Ол – өзінің қажырлы еңбегімен, адалдығымен және кәсібилігімен көпшілікке үлгі болатын жанашыр маман.