Шымкентте өткен жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 24 779 қала тұрғыны цифрлық сауаттылығын арттырған. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдірахманов Ақпараттық коммуникациялық орталықта жылды қорытындылаған есебінде айтты.
– 2021 жылы шаһарда цифрландыру және цифрлық инфрақұрылымды дамыту саласы бойынша 14 шағынаудан мен елді мекенге базалық станция орнатылып, 136 мыңға жуық қала тұрғыны сапалы интернетпен қамтамасыз етілді. Жеке инвесторлардың қаражаты есебінен 10 елді мекенде талшықты оптика желісі тартылды. Нәтижесінде 100 мыңға жуық тұрғын сапалы интернетке қосылуға мүмкіндік алды,– деді Ә.Әбдірахманов.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету масатында 2021 жылы қала аумағында 3177 бейнебақылау камералары орнатылған. Биыл бұл бейнебақылауларға қосымшы мыңға жуық камера қосылмақшы.
– Өткен жылы 877 бейнебақылау камерасы көше қиылыстарына қойылды. Бұдан бөлек, 800‐і желілік учаскілерге қойылды. Биыл қоғамдық және жол қауіпсіздігін сақтау үшін бейнебақылау камераларын арттыруды жоспарлап отырмыз,– деді басқарма басшысы.
Әсет Әбдірахманов брифингте үшінші мегаполисте 2 заманауи жаңа бағдарламалау мектебі ашылатынын жеткізді. Алғашқы мектеп ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Айта кетейік, биыл да 13 мыңнан астам қала тұрғынының цифрлық сауаттылығын арттыру жоспарға енген. Оқу курстары «i-shymkent.kz» қалалық қызметтер мен сервистердің орталықтандырылған порталында қолжетімді болмақ.