Зияткер оқушылар тәуелсіздік жетістіктерін шетелдіктерге паш етпек

Зияткер оқушылар тәуелсіздік жетістіктерін шетелдіктерге паш етпек

Шымшаһардағы білім беру мекемелерінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында ашық сабақтар жалғасуда. Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі оқушылар арасында да Тәуелсіздік ұғымы насихатталып, оның тарихи алғышарттары мен саяси көрінісі түсіндірілді.

Мектеп директоры Кайырбек Сәбитұлының айтуынша, қыркүйек айына жоспарланған «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбындағы ашық сабақты қытайлық әріптестерімен де онлайн өткізбек. Бұл тәрбие сағаты «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Қазіргі әлемдегі Қазақстан» авторлық бағдарламасы негізінде әзірленген.

Бүгінгі іс-шараны қаладағы жетекші 30 мектептің 900 оқушысы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің youtube-тағы арнасы арқылы тікелей трансляцияда тамашалады. Сабақ барысында 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі маңызды хронологиялық кезеңдер түсіндірілді.

– Жобаның басты мақсаты – оқушыларға тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойының маңыздылығын және Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуындағы еңбегін жеткізу. Назарбаев Зияткерлік мектептері – тәуелсіздік тарту еткен тәтті сый. Мұнда қаншама баланың арман-қиялы шындыққа айналып, биік шыңдарды бағындыруда. Биыл мектебімізде Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті - Елбасының «Өркен» білім грантын 145 үміткер иеленіп, 7-сыныпқа оқуға қабылданды. Озық ойлы шәкірттеріміздің жарқын жетістіктерімен алдағы жылдары еліміздің барлық саласы дамиды деген үміттеміз, - дейді Кайырбек Буксукбаев.

Ашық сабаққа қатысқан Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Бекназаров Қазақстанның экономикалық дамуы, ел тәуелсіздігінің рөлі мен халықаралық аренадағы жетістіктері туралы оқушыларға өз ойын айтса, айтыскер ақын Абылай Құлтай тәуелсіздіктің құрдасы екенін қара өлеңмен жеткізді.