Шымкентте коронавирус жұқтырған жүкті әйелдерді емдеуге арналған инфекциялық стационар ашылды. Жаңадан ашылған стационар Шымкент қалалық №2 аурухана базасында құрылып отыр. Мұнда науқастарды емдеуге арналған 100 орын дайындалған. Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
КВИ жұқтырған науқастар санының өсуіне байланысты жасақталған бұл стационар жүкті әйелдер мен босанған аналарға арналған.
— Орталық науқастарды емдеу үшін барлық қажетті медициналық жабдықтармен қамтылған. Мұнда дәрігерлер ковид ауруының орташа және ауыр ағымы бар науқастарды емдейді. Стационар ашылған екі күннің ішінде 22 науқас қабылданды. Оның 7-еуі босанған әйелдер, - дейді Шымкент қалалық №2 аурухананың бас дәрігері А.Рахматалиев.
Шымкент қаласының бас дәрігері Б.Позиловтың айтуынша, қаладағы эпидемиялогиялық жағдай күрделі. Соңғы бір тәулікте 343 науқастан ковид анықталған.
— Қазір жансақтау бөлімінде 26 науқас жатыр. Олардың тең жартысы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Өкінішке орай, науқастардың басым бөлігі вакцина салдырмағандар. Қала тұрғындарын эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін вакцина қабылдауға шақырамыз. Әсіресе, созылмалы ауруы бар науқастарды вакцина алуға шақырамыз. Өйткені, қосымша ауруы бар науқастарда коронавирус ауыр өтіп жатыр, - дейді Б.Позилов.