Мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесі жасалады
ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жариялады.
Президент Жолдауында еліміздегі экономика, қаржы-несие саясатына, инвестициялық ахуалдың жағдайына баса назар аударды. Осыған орай Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауға қатысты берген тапсырмалары бизнес-қауымдастықтың дамуына тың серпін береді деп ойлаймыз. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті қолдау бойынша ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекітіп, келер жылдың басынан толық енгізу тапсырылды. Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізілмек.
«Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс»,-деді президент.
Бұл жаңа жүйе арқылы бағаның төмен болуын ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасын да басты назарда ұстап отыруға болады. Ал кәсіпкерлер, өз кезегінде еңбекақы төлеу қорын көбейтіп, заңға сәйкес салық төлемдерін арттыруы тиіс. Сонымен қатар, еліміздегі инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеудің маңыздылығы да назардан тыс қалған жоқ.
Қорытындылай келгенде Жолдауда айтылған тиісті шаралар сапалы орындалса, экономиканың дамуына оң әсер етеді.
Сабира АДАМБЕКОВА,
Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры