​«ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ 16 КҮН» АКЦИЯСЫ ТӘУЕЛСІЗДІК САЯБАҒЫНДА ӨТТІ

​«ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ 16 КҮН» АКЦИЯСЫ ТӘУЕЛСІЗДІК САЯБАҒЫНДА ӨТТІ

Әл-Фараби аудандық әкімдігі мен Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының бастамасымен Тәуелсіздік саябағында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» республикалық акциясы ұйымдастырылды. 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығын қамтитын бұл шара – елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтың жолын кесу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы кешенді жұмыстардың бір бөлігі. Акцияның негізгі міндеті – отбасылық қатынастардағы қауіпсіздік мәдениетін нығайту, және тұрғындарды осы бағытта қабылданып жатқан профилактикалық шаралармен жан-жақты таныстыру.

Шымкент қаласы полиция департаментінің Әл-Фараби аудандық Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың 10 айында 102 арнасына мыңға жуық шақыру түскен. Ал, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 950-ге жуық құқық бұзушылық тіркеліп, бірқатар жәбірленушілерге қатысты қорғау нұсқамалары шығарылған. Сондай-ақ, тиісті тұлғалар есептік тізімдерге енгізілген. Бұл деректер профилактикалық шаралардың жүйелі түрде қажет екенін және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің қоғамда әлі де өзектілігін көрсетеді. Дәл осы бағытта ұйымдастырылған шараға қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері белсене атсалысты. Жастар «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!» деген ортақ ұранмен флешмоб орындап, қоғамдық сананы оятуға бағытталған үндеу жасады. Бұдан бөлек, 150 студенттің қатысуымен Димаш Құдайбергеннің «Тау ішінде» шығармасына қойылған хореографиялық композиция ұсынылды. Бұл көрініс акцияның әлеуметтік маңызын айшықтап, жастардың азаматтық белсенділігін көрсетіп берді.

Акция аясындағы түсіндіру және профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жоспарға сәйкес, мектептер мен медициналық мекемелерде ашық есік күндері өткізіліп, тұрғындарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктері, құқықтық көмек алу мүмкіндіктері және тиісті мемлекеттік органдардың жұмысы туралы кең көлемді ақпарат берілмек. Қоғамдағы тыныштық пен отбасы институтының тұрақтылығы – ортақ құндылық. Осы бағыттағы мұндай шаралар азаматтардың құқықтық мәдениетін нығайтып, қауіпсіз ортаны қалыптастыруға маңызды үлес қосады.

«Шымкент келбеті»