Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданына қарасты Орталық қырғы базарда «Мүмкіндіктер алаңы» бос орындары жәрмеңкесі өтті. Әл-Фараби аудандық жұмыспен қамту бөлімі және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі бірлесіп, жұмыссыз жастарға арналған мемлекеттік бағдарамаларды насихаттады.
Жәрмеңкенің басты мақсаты – жастарды нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, жастар практикасы мен қоғамдық жұмыс, алғашқы жұмыс орны бағдарламаларын ұйымдастыру. Жұмыссыз жастардың санын азайту.
Жастарды жұмыспен қамту үшін мамандарымыз толыққанды мәліметтерді түсіндіріп, жұмыс жасауға ниет білдірген қала тұрғындарына жолдама беріп жатырмыз. Тұрғылықты мекен-жайы бар Шымкент қаласының азаматтарын жұмыспен қамтитын боламыз, - деді Әл-Фараби ауданы бойынша жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Білімжан Нұралыұлы.
Жәрмеңкеде оператор, көлік жүргізушісі, күзетші, тігінші, хореограф, бухгалтер, менеджер т.б мамандықтарға бос жұмыс орындары бар.
Айта кетейік, «Мүмкіндіктер алаңы» бос орындары жәрмеңкесіне 500-ге жуық адам қатысып, 72 адамға жұмысқа жолдама берілді.