Шымкент тұрғындары қаладағы кез келген ХҚО-да жылжымайтын мүлікті, оған қатысты кепіл шартын, жалға алу шартын, мүлікке тыйым салуды тіркей алады. Бұрын жылжымайтын мүлікті орналасқан ауданға қарасты ХҚО-да ғана тіркеу мүмкін болатын.
Бұл жаңашылдық экстерриториалдылық принципін енгізу нәтижесінде жүзеге асып отыр. Енді жылжымайтын мүлікке қатысты құқықтарды ол орналасқан ауданға қарамастан құқықтарды кез келген бөлімде тіркеуге болады.
Бұл қызмет 2022 жылдың ақпан айынан бастап қолданысқа енгізілді.
«Эксаумақтық қағидаты азаматтар мен бизнес өкілдері орналасқан жерінен өзге аумақтағы жылжымайтын мүлікпен мәміле жасасса, олардың уақыты мен қаржылық шығындарын айтарлықтай азайтады. Бұл қызметті пайдалану үшін меншік иелерінің тек меншік құқығын растайтын құжаттары немесе иеліктен шығару құжаттары болуы қажет. 2022 жылдың басынан бері мүлікті тіркеу қызметін 12 мыңнан астам клиент пайдаланған», – деді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Данабек Исабеков.
Бұған дейін ХҚО-да жылжымайтын мүлікті тіркеу үшін жедел төлем жасау мүмкіндігін іске асырған болатын. Қызмет ақылы. Құжаттарды тапсыру күнін есептемегенде қызмет көрсету уақыты – 1 жұмыс күні.