2 айда 1,9 млн.шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

2 айда 1,9 млн.шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша Шымкент қаласы көш бастап тұр. Ондағы өсім 4,6 есеге артқан, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлімдеді.

- Құрылыс секторы жоғары өсу қарқынын көрсетуде. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 9,7 пайызға ұлғайды. Мәдениет және спорт нысандары, көппәтерлі тұрғын үйлер мен инженерлік ғимараттар құрылысының өсуі есебінен Түркістан облысында, денсаулық сақтау және тау-кен өнеркәсібі нысандары, инженерлік жүйелер құрылысы есебінен Ақмола облысында, денсаулық сақтау нысандары, көппәтерлі тұрғын үйлер мен автокөлік жолдарының құрылысы есебінен Шымкент қаласында жоғары өсу байқалады, - деді 2021 жылдың қаңтар-ақпанындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жайында баяндаған министр.

Әсет Ерғалиевтің дерегінше, магистральдық құбыр салу бойынша жұмыстардың қысқаруына байланысты Батыс Қазақстан облысында, автокөлік жолдарын, көпірлер мен өнеркәсіп нысандарын салу бойынша жұмыстардың қысқаруы есебінен Жамбыл облысында төмендеу көрсеткіші тіркелді.

- Осы жылғы қаңтар-ақпанда 1,9 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 12,8 пайызға жоғары. 2021 жылғы жоспарланған 17 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беруді қамтамасыз ету үшін осы серпінді сақтау қажет. Барлық өңірлер оң өсу көрсетті. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең үлкен көрсеткіші Шымкент қаласында – 4,6 есеге өсіп отыр, - деді ол.