2025 жылы Шымкент қаласында құрылыс саласы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйверлерінің бірі ретінде айқын көрінді. Жыл ішінде білім беру, спорт, мәдениет, абаттандыру, әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар және мемлекеттік басқару инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ондаған маңызды жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған нақты жетістіктерге қол жеткізілді.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту басты басымдықтардың бірі болды. 2025 жылы қала аумағында 11 жаңа мектеп пен білім нысандарының құрылысы жүргізілді. Жыл қорытындысымен Тұран шағын ауданындағы 500 орындық Оқушылар сарайы, С.Рахимов атындағы мектеп, Тельман елді мекеніндегі 1200 орындық мектеп және №50 мектепке қосымша корпус пайдалануға берілді. Қалған 7 нысанның құрылысы ағымдағы жылы жүргізілетін болады. Сонымен қатар, 11 мектеп пен бір балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олар 2025 жылдың қыркүйек айында жаңа оқу жылына толық дайын күйде пайдалануға тапсырылды.
Спорт және мәдениет саласында да оң серпін байқалды. Ағымдағы жылдың ақпан айында №15 спорт мектебі пайдалануға берілсе, маусым айында Бәйдібек би көшесінде орналасқан мәдениет нысанын қайта құру жұмыстары аяқталды. Аталған нысандар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын дамытуға мүмкіндік береді.
Қаланы көркейту және жасыл аймақтарды көбейту бағытында Шымсити шағын ауданында аумағы 20,4 гектарды құрайтын жаңа саябақ салынды. Тағы бір ірі саябақтың құрылысы 2026 жылы аяқталады деп күтілуде. Бұл жобалар мегаполистегі экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындар үшін жайлы демалыс кеңістігін қалыптастыруға ықпал етуде.
Әлеуметтік қамтамасыз ету саласында үш нысанның құрылысы жүргізіліп, оның ішінде №6 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2025 жылы пайдалануға берілді. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 150 орындық оңалту орталығы мен арнаулы қызмет көрсету орталығына қосымша ғимараттың құрылысы ағымдағы жылы аяқталады.
Қаланың қауіпсіздігін арттыру мақсатында төтенше жағдайлар саласында алты нысанның құрылысы жоспарланып, олардың үшеуі 2025 жылы пайдалануға тапсырылды. Қалған жедел қызмет көрсету орталықтары мен өрт сөндіру депосының құрылысы 2026 жылы аяқталады. Бұл жобалар төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін едәуір күшейтеді.
Мемлекеттік органдар үшін де заманауи инфрақұрылым қалыптастырылуда. 2025 жылы әкімшілік-іскерлік орталықта жаңа әкімшілік ғимарат пайдалануға берілді.
Денсаулық сақтау саласында №3 қалалық аурухананың ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған және 2026 жылы толық аяқталады.
Сонымен қатар, 2025 жылы 22 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазіргі таңда тағы 51 жоба әзірлеу сатысында тұр. Бұл алдағы жылдары Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарының саны арта түсетінін аңғартады.
Жалпы алғанда, 2025 жыл Шымкент қаласы үшін құрылыс саласында жүйелі жұмыс жүргізілген, әлеуметтік инфрақұрылым кеңейген және қала дамуының ұзақмерзімді негізі қаланған табысты жыл болды.