20-дан астам мұғалім "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" наградасымен марапатталды

20-дан астам мұғалім "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" наградасымен марапатталды

Қазақстанда алғаш рет педагогтерге "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік наградасы берілді, деп хабарлайды Shymkentaqparat ҚР Бiлiм және ғылым министрлігіне сілтеме жасап

Білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін 20-дан астам мұғалім марапатын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов табыстады.

–Педагогтерге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік наградасы тағайындалды. Еңбектеріңіз бен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Наградаларыңыз құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, деді министр Асхат Қанатұлы.

"Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік наградасы мұғалімдерге үздік жетістіктері мен мемлекет алдындағы ерекше еңбегі үшін беріледі. Жоғары атаққа ие болған педагог 1 000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алады.

Сондай-ақ, Асхат Қанатұлы соңғы жылдары енгізілген оң өзгерістерге тоқталып өтті. Мәселен, жалақының өсуі, есептілік пен педагогикалық жүктеменің төмендеуі, оқулықтар мен оқу бағдарламаларын әзірлеуге қойылатын талаптардың күшеюі, мектеп директорларын тағайындау және педагогтерді жұмысқа қабылдау қағидаларының өзгеруі, педагог мамандығы бойынша оқуға түсуге қажет шекті ұпайдың артуы, болашақ мұғалімдердің ай сайынғы стипендиясының жоғарылауы туралы да айтылды.