21 МЕДИЦИНАЛЫҚ АППАРАТ БЕРІЛДІ

21 МЕДИЦИНАЛЫҚ АППАРАТ БЕРІЛДІ

Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдарға демеушілер есебінен 21 медициналық аппарат берілді. Аталған бастама қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға және денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған.

Атап айтқанда, 16 дана заманауи функционалдық реанимациялық кереует тәулік бойы шұғыл медициналық көмек көрсететін №1, №2 және №3 қалалық ауруханаларға берілді. Сонымен қатар жаңа туған нәрестелерге арналған жоғары технологиялық инкубаторлар перинаталдық орталық пен перзентханаға табысталды. Бұл медициналық ұйымдар қала тұрғындарының денсаулығын сақтауда, шұғыл әрі мамандандырылған көмек көрсетуде маңызды рөл атқарады.

Берілген жабдықтар ауыр хәлдегі науқастарды емдеу тиімділігін арттыруға, реанимациялық көмек сапасын жақсартуға, сондай-ақ жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтауға және олардың күтімін халықаралық стандарттарға сай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа аппараттар медициналық персоналдың жұмысын жеңілдетіп, шұғыл жағдайларда уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге жағдай жасайды.

Аталған демеушілік көмек «Аль Фараби Фарм Лтд» ЖШС компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды. Компанияның бұл бастамасы қаланың медициналық инфрақұрылымын жаңғыртуға, заманауи медициналық технологияларды енгізуге және халық денсаулығын нығайтуға қосылған елеулі үлес болып табылады.

Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласы алдағы уақытта да медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, шұғыл және жоспарлы медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.