Конституциялық өзгерістерді қабылдау үдерісі жаңаша сипат алды — сарапшы

Конституциялық өзгерістерді қабылдау үдерісі жаңаша сипат алды — сарапшы

Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі және кез келген ресми құжаттың түпнұсқасы осы тілдегі нұсқамен есептеледі. Сонымен қатар қазіргі таңда конституциялық өзгерістер жобасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл үрдіс тек кабинет ішінде емес, ғылыми орта мен әлеуметтік желілерде ашық жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, саясаттанушы Индира Рыстина Jibek Joly телеарнасының «Bugin LIVE» бағдарламасында мәлімдеді.

Сарапшының айтуынша, қоғамда тіл мәселесіне қатысты түрлі пікірталастар болғанымен, Конституцияда бекітілген мемлекеттік тілдің орны бөлек. Бұл мәртебе тілдік қолданыстың барлық салада толыққанды көрініс табуын міндеттейді.

– Біздің Конституциямызда мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп бекітілген. Осыны ажырата алуымыз керек. Егер үш тілдегі құжаттар арасында қандай да бір дау туындаса, оның бастапқы әрі ең дұрыс нұсқасы ретінде мемлекеттік тілдегі, яғни қазақ тіліндегі құжат танылады, – деді Индира Рыстина.

Индира Рыстина Ата заңға енгізілетін өзгерістердің тек мәтіні ғана емес, оны қабылдау үдерісінің өзі жаңаша сипат алғанын атап өтті. Саяси реформаларға бастау болған Жолдаудан кейін арнайы жұмыс тобы құрылып, оған заңгерлер, саясаттанушылар мен қоғам белсенділері тартылған.

Сарапшының айтуынша, парламенттік реформа мен бір палаталы жүйеге көшу мәселесі көптеген кездесулерде егжей-тегжейлі талқыланды. Құрылтайда Президент тарапынан жарияланған ұсыныстарды ресми заң тіліне көшіру үшін арнайы Конституциялық комиссия жеті мәрте отырыс өткізген.

– Жақында Еуразия ұлттық университетінде ғылыми орта мен комиссия өкілдерінің қатысуымен үлкен талқылау өтті. Біз өз ұсыныстарымызды дайындап, комиссия мүшелеріне табыстадық. Мұндай жұмыс еліміздің түкпір-түкпірінде жүріп жатыр. Халық өз ұсыныстарын eGov немесе ресми өтініштер арқылы да жібере алады. Бұл – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» принципінің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінінің көрінісі, – деп түйіндеді проректор.