Құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жұмысты жандандыру қажет

Құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жұмысты жандандыру қажет

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың төрағалығымен «Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның»кезектен тыс отырысы өтті.

Жиынға арнаулы және құқық қорғау органдарының және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Күн тәртібінде қаладағы криминогендік ахуалдың жайы, құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдер арасында қылмыс жағдайын төмендету, көшеде жүру мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыға түсті.
Қала әкімі қалада қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жүйелі жұмыс атқару қажет екенін айтып, құқық қорғау және жергілікті атқарушы орган өкілдеріне бірқатар тапсырмалар берді.
Қала әкімі қазіргі таңда шаһарда криминогендік ахуал күрделі екенін, бұл ретте Полиция қызметкерлеріне жауапкершілікті күшейту керектігін атап өтті. Департаменттің материалдық-техникалық базасы жылдан жылға жақсара түсуде. Дегенмен, қаладағы соңғы жағдайлар қызметкерлердің жұмысын ширату қажет екенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, қала әкімі тұрғындардың жолда жүру мәдениетін қалыптастыру керек екенін, айыппұл төлемеу үшін жолда жүру ережелерін қатаң сақтау қажет екенін де назарға алды.

Іс-шарада Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Арман Бейсенбаев өткен жылды қорытындылап, қазіргі уақытта әр бағыт бойынша жүзеге асып жатқан жұмыстарды жан-жақты баяндап өтті. Шаһарда жасөспірімдер қылмысы, ұрлық, интернет алаяқтық жағдайлары алаңдатып отыр.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастығы Өркен Сейітов, қала прокурорының орынбасары Рашид Әміров те бірқатар жағдайлардан, мәселелерден хабардар етті.
Жалпы айтқанда, қалада криминогендік ахуалды жақсарту, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары басты назарға алынып отыр.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша құқық қорғау органы өкілдерінің ұсыныс, пікірлері тыңдалып, ортақ ұйғарым жасалды.
Отырыс қорытындысы бойынша қала әкімі жұмыстарды барынша күшейту, мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруда бірнеше тапсырмалар жүктеді. Ендігі ретте Полиция департаменті, аудан әкімдері бірлесе оң нәтижеге жететіндей жұмыс атқару қажет.

«Шымкент келбеті»