Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз брифингі барысында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 44 850 азамат тіркелген. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылы 976 азаматты сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделіп, бес айдың қорытындысы бойынша 608 азамат тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде 300 жалдамалы баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 18 пәтер жетім балаларға, 148 пәтер көпбалалы отбасыларға, 142 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына қолданысқа берілді. Қалған 368 пәтер тұрғын үйлердің құрылысы аяталып тапсырылуына қарай үлестірілетін болады.
– Қазіргі таңда арендалық тұрғын үйлер белгіленген тәртіппен кезек арқылы көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға қарастырылған. Ал бюджеттік ұйым қызметкерлеріне «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында несиелік бағдарламалар ұсынылуда. Биыл тіпті мұқтаж азаматтарға ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде әр азаматқа 1 миллион теңгеден берілетін тұрғын үй сертификаттарына жалпы 500,0 млн. теңге қарастырылып отыр, – деді қала әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, биыл жоспар бойынша пайдалануға берілетін кредиттік тұрғын үйлер саны – 60 (3 824 пәтер). Аталған үйлерді келесідей бағыттар бойынша сату жоспарлануда: «Шаңырақ 5-10-20» бағыты бойынша 27 үй, 1728 пәтер; «5-20-25» бағыты бойынша 18 үй, 1088 пәтер; «7-20-25» бағыты бойынша 15 үй, 1008 пәтер.
Бұдан бөлек, «2-10-20 Бақытты отбасы» бағыты бойынша өңірлер шеңберінде бөлінген лимитке сәйкес 589 азамат екінші нарықтан «Отбасы банк» арқылы несие рәсімдеп пәтермен қамту жоспарда. Сонымен жоспар бойынша 4413 азаматты несие негізінде пәтермен қамту көзделген.
Ал ашықтықты қамтамасыз ету үшін кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық электрондық дерекқорының сервисі қолданылуда.