​«Таза Қазақстан» акциясы қала мектептерінде өтті

​«Таза Қазақстан» акциясы қала мектептерінде өтті

Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өтіп жатқан экологиялық іс-шаралар жалғасын табуда. Бағдарлама шеңберінде қала аумағында бірқатар тазалық күндері ұйымдастырылып, соның бірі №75 жалпы орта мектепте кең көлемде өтті. Мектеп ұжымы, оқушылар, экологиялық үйірме мүшелері табиғатты аялау, жас ұрпақты қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Мектеп директоры оқу орнының соңғы жылдары қол жеткізген жаңалықтарымен бөлісті. Оның айтуынша, ұзақ жылдар бойы жөндеуді қажет еткен ғимарат биыл толықтай күрделі жөндеуден өтіп, оқушылар үшін жаңа, жайлы, жылы әрі заманауи орта қалыптасты.

— Жиырма төрт жыл дегенде мектебіміз күрделі жөндеуден өтті. Бұрын сыныптарымыз өте салқын болатын, балалар гүл егіп баптауға тырысқанымен, жағдай жасалмағандықтан қиындықтар туатын. Биылғы жаңартудан кейін оқушылар өздері бірігіп, әр сыныпта гүл отырғызу акциясын ұйымдастырды. Қазір барлық кабинет жасыл желекке толы. Биология пәні мұғалімдері мен экологиялық үйірме жетекшісімен бірге әр жасыл өсімдіктің табиғатқа ғана емес, баланың ішкі мәдениетіне әсер ететінін түсіндіруді басты мақсат етіп отырмыз», — деді мектеп директоры Ақтолқын Оразбаева.

Жаңартылған мектеп бүгінде 1 067 оқушыға білім беруде. Оқу орнының жобалық қуаттылығы – 590 бала, сондықтан екі ауысымда жұмыс істейді. Директордың айтуынша, жаңа ғимарат балалар мен ата-ананың көңілінен шығып, оқу процесін жақсартуға үлкен серпін берген. Мектептің биология пәні мұғалімі әрі экологиялық үйірме жетекшісі Үміт Жаңабекова да атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

— «Экологиялық үйірме үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір жаңа бағдарламаға сәйкес жылдық жоспар құрылды. Үйірмеде жиырмаға жуық оқушы бар. Біз түрлі шеберлік сабақтарын өткізіп, «Таза сынып», «Таза қала» акциялары аясында сыныптарды көгалдандыру жұмыстарын жүргіземіз», — деді ол.

Оқушылардың жасыл кеңістікке жауапкершілікпен қарауы олардың жеке дамуына да әсер етеді. Әр сыныпқа бекітілген гүлдерге су құю, күтіп-баптау, қоршаған ортаға жанашырлық таныту – экологиялық мәдениеттің негізі. Мектеп басшылығының айтуынша, баланы табиғатты сүюге баулу – ұлт болашағын тәрбиелеудің бір бөлігі. Өйткені табиғатқа құрмет көрсетуді үйренген бала қоғамға да, адамға да құрметпен қарайды.

Іс-шарада оқушылар мектеп ауласын тазалап, ашық сабақтар ұйымдастырды. Олар өздері жасаған ғылыми жұмыстарын таныстырып, алдағы жоспарлар туралы баяндады.

№75 жалпы орта мектеп ұжымы үшін бұл бастама – балалардың бойында табиғатты қорғау мәдениетін орнықтырудың жүйелі жолы.

«Шымкент келбеті»