Бұл туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Shymkentaqparat
- Орта білімді дамыту үшін латын әліпбиін енгізе отырып, 2023 жылдан бастап 12 жылдық оқытуға кезең-кезеңімен көшу көзделіп отыр. Ол үшін өте ауқымды жұмыс атқаруымыз керек. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу бағдарламалары жаңартылады, - деді ол.
Министр атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша математика, тілдер және информатика сияқты басым пәндерге ерекше назар аударылады.
- Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша бірыңғай оқулықтар әзірленеді. Оқулықтардың сапасы қоғам тарапынан сынға тап болғанын бәріміз білеміз. Оқулықтарды сараптау және іріктеу рәсіміне, сарапшылардың біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар қатаңдатылды, - деп атады Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, сапалы оқулықтар дайындау үшін оқулықтардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптар бекітіледі. Ол бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді.
Еске сала кетейік, 28 қаңтарда премьер-министр Асқар Мамин Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді. Отырыста Қазақстан 2023 жылдан бастап жаңа әліпбиге көшетіні айтылды.