Бүгін өткен брифингте Абай ауданының әкімі 6 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Әкімнің айтуынша, аудандағы ең үлкен жетістік – ауыз су мен электр энергиясы 100 пайызға жеткізіліп, биыл табиғи газбен қамту да толықтай қамтамасыз етілгені.
– Ақпан айында «Ынтымақ-2» шағынауданы мен «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабы газ жүйесіне қосылып, аудан халқы толықтай көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі, – деді аудан әкімі Сұлтанхан Шәкір.
Сонымен қатар, жол инфрақұрылымында биыл ерекше серпін бар. 1274 көшенің 1080 шақырымын қамтитын жолдардың бүгінде 66 пайызы асфальтталған. Жыл соңына дейін барлық тас жолдарды асфальттап, көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Көшелерді жарықтандыру бойынша да үлкен қадам жасалды. Өткен жылы 193 көше ғана жарықтандырылса, биыл 954 көшеге шам орнатылған. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, 16 ойын алаңы, 3 спорт алаңы, 5 гүлзар және 34 мың шаршы метр аяқжол салынды. Сонымен бірге бірнеше шағын ауданда жаңа гүлзарлар пайдалануға берілді.
Ауданда жылу маусымына дайындық жұмыстары да аяқталған. Алда қыс келе жатқанын ескерсек, жылу маусымына уақытылы дайындалу – кезек күттірмейтін маңызды жұмыс.
– Жыл соңына дейін аудан аумағы толықтай жарықпен қамтылады. Аудан аумағында 255 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 104 үй автономды жылыту жүйесімен қамтылған, 24 үй жеке қазандықпен жылытылады. Қалған 127 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтылған. «ҚуатжылуОрталық» мекемесі арқылы 127 көпқабатты тұрғын үйдің, барлығына 100 пайыз жылу жүйелеріне қысыммен сығымдау жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге ауданда 32 мектеп пен 9 балабақша және 13 медициналық ұйым жылу маусымына дайын, – дейді аудан әкімі Сұлтанхан Шәкір.
Сонымен бірге экологияны жақсарту мақсатында жыл басынан бері 37 сенбілік өтіп, 30 мыңнан астам адам қатысқан. Ал балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ойнауы үшін 107 ауладағы ойын алаңшаларының 45-і жаңартылды.
Әкімнің сөзінше, барлық бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – аудан тұрғындарының өмір сапасын арттырып, қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.
«Шымкент келбеті»