Шымкентте 1 – желтоқсан Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай семинар өтті. Қалалық «ЖИТС-тің алдын алу және оған күрес жөніндегі» орталығында дәрігерлер саладағы озық жетістіктер мен атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады.
Жиында орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылға арналған «Теңдік уақыты» тақырыбында баяндама жасады.
–АИТВ пен ЖИТС жайлы көп ақпарат білген адам зертханалық тексеруден өтуге қорықпайды. Халық арасында таралған түрлі қауесеттің салдарынан көбіне азаматтар зертханалық талдау жасатуға жүрексінеді. Шымкент қаласында 1 миллионнан астам халық болса, оның 200 мыңдайы ғана тексеруден өткен. Вируспен күресте тек медицина саласының мамандары ғана емес, қоғам болып жұмылғанда ғана көзделген нәтижеге қол жеткіземіз. «Теңдік уақыты» ұраны – бәрімізді ЖИТС-ті жоюға қажетті тексеруден өтуге шақырады, - деді бас дәрігердің орынбасары.
ЖИТС орталығында қазір АИТВ-мен өмір сүретін 1520 адам антиретровирустық терапияны қабылдауда. Дәрігерлер күніне 1 таблетка қағидасы негізінде емдеу ісін жүргізіп жатыр. Емделушілерге барлық дәрі-дәрмектер тегін, олардың аты-жөндері құпия сақталады.
2021 жылы орталық зертханасы халықаралық аккеридациядан өтіп, қажетті құрылғылармен толығыпты. Нәтижесінде вирусті анықтауда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған 4-буын зертханалық талдауы іске қосылып, АИТВ жұқтырған жүкті әйелден балаға жұғу қауіпі 97 пайызға төмендеген. Мұндай талдау арқылы адамның иммун тапшылығы вирусын қан арқылы ғана емес, сілекей сұйықтығынан анықтауға мүмкіндік береді.