Шымкент қаласының №8 қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің конькимен мәнерлеп сырғанау бөлімінің спортшылары мерекеге орай арнайы өнер көрсетіп, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Іс-шара Н.Назарбаев даңғылында орналасқан Мұз алаңында өтті. Көрсетілімге барлығы 15 спортшы қатысып, өз өнерін паш етті. Олардың қатарында ҚР спорт шеберлері, халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының чемпионы, халықаралық турнирлердің жүлдегері Олег Мельников, ҚР чемпионаттары мен Кубоктарының жеңімпазы Алика Халимова, ҚР Кубогының жеңімпазы Карина Исакова, жастар арасындағы ҚР чемпионатының күміс жүлдегері Дмитрий Сергиенко, тағы басқа дарынды жастар бар.
Бағдарлама аясында қысқа және еркін бағдарламалар, сонымен қатар, топтық би қойылымдары ұсынылды. Атап айтқанда, «Ангелы» (Eklipse – Clocks) атты жалпы би нөмірін 8 спортшы, ал «Батл» (Адай күйі) композициясын 4 спортшы орындады.
Аталған іс-шара жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға, мәнерлеп сырғанауды кеңінен насихаттауға және қала тұрғындарына жоғары деңгейдегі спорттық-мәдени кеш сыйлауға бағытталған.
«Шымкент келбеті»