Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшановтың 80 жылдық мерейтойына орай "Айырылу, табысу және арылу туралы толғам" кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға спорт саласының ардагерлері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов жиынды ашып беріп, белгілі тұлғаның ұйымдастырушылық қырларына тоқталып өтті.
— Амалбек Қозыбақұлының елге сіңірген қалтқысыз қызметін көпшілік біледі. Қай қызметте болса да абыройлы еңбек етті. Өмірдің алмағайып кезеңінде қазақ спортының қадау тұлғасына айнала білді. Тұсауы кесілгелі тұрған кітаптың жастар тәрбиесіне қосар үлесі мол, - деді қала әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, жиында ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев арда азаматтың өмір жолынан сыр шертті.
Жиын өскелең ұрпаққа таудай болған тұлғаларды кеңірек таныстыра отырып, өз ұлтының асыл азаматтарын құрметтеуге, ұлтын сүюге тәрбиелеуді мақсат еткен. А.Тшанов тұсаукесер рәсімінде көпшілікпен емен-жарқын сұқбаттасып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Көпшіліктің сауалдарына жауап берді.
Айта кетсек, жаңа кітап 1500 дана таралыммен жарыққа шықты.