ҚАЛА ӘКІМІ БІРҚАТАР КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ АШЫЛУ РӘСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ

ҚАЛА ӘКІМІ БІРҚАТАР КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ АШЫЛУ РӘСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ

Шымкент қаласының индустриалды аймақтарында және тұрғын алаптарда бірқатар инвестициялық жобалар іске қосылып, жұмысын бастады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бүгін екі кәсіпорынның салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, өндірісті аралап көрді.

Қала әкімі алдымен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы «Marvik Partners» ЖШС тоқыма емес материалдар өндірісі фабрикасына барды. Онда медицина, құрылыс, агросектор салаларына арналған бұйымдар өндірілуде. Қазіргі таңда 78 адам жұмыспен қамтылған.

Кәсіпорын басшыларының айтуынша, өнімдерді экспортқа шығару жоспарда тұр.

Фабриканың жалпы инвестициялық құны - 4,7 млрд теңге. Кәсіпорын толық қуаттылықпен іске қосылғаннан кейін 136 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген. Жылына 4,8 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік бар. Аталған инвестициялық жоба еліміздің Оңтүстік өңірлерін сапалы спанбонд (тоқыма емес мата) өнімімен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып отыр.

Сондай-ақ, қала әкімі Сайрам тұрғын алабында орналасқан «Alliance Buildings» пәтерлік, өртке қарсы және техникалық есіктер өндіретін зауытты іске қосу рәсіміне қатысып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты.

Аталған инвестициялық жоба еліміздің оңтүстік өңірлерін сапалы құрылыс материалдарымен (темір есіктер) қамтамасыз етпек. Кәсіпорын келесі жылдан бастап өз өнімін Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан еліне экспорттауды жоспарлауда. Зауыттың жалпы инвестициялық құны - 3,7 млрд теңге.

Қазіргі уақытта кәсіпорынның құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, құрал-жабдықтар толығымен орнатылған.

Қала әкімі әрі қарай өндірісті кеңейтуге барлық қажетті қолдау көрсетілетінін айтты.

«Шымкент келбеті»