Бұл туралы бүгін аймақтардағы эпидемиологиялық ахуал бойынша ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен онлайн жиында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.
Қала басшысы қазіргі таңда аймақта 11 ПТР зертханасы барын, онда тәулігіне 6 мыңнан аса тест жасауға болатынын айтты. Жыл басынан бері 27 389 шымкенттік коронавирусқа ПТР тест тапсырған.
–Мегаполистегі медициналық ұйымдарда 615 жасанды желдеткіш (ИВЛ) және 21 компьютерлік томография аппараттары бар. Қалаға ақпан айында «Спутник V» вакцинасының 1 000 дозасы жеткізілуі тиіс. Вакцина қалалық қан орталығы базасындағы мұздатқыш камераларда уақытша сақтау үшін орналастырылады. Ерікті түрде вакцинациялау үшін 1000 медицина қызметкерінің тізімі жасақталды. Бұдан бөлек, биыл ақпан айының соңына дейін қаладағы 34 емханада мұздатқыштар орнатылып, вакцинациялау кабинеттері ашылады, - деп хабарлады қала әкімі.
Сонымен бірге Мұрат Дүйсенбекұлы медицина қызметкерлері үшін вакцинациялау мәселелері жөнінде бірнеше рет тренинг семинарлар өткізілгенін, жалпы эпидемия басталғалы бері 14 650 аталған сала мамандары коронавирус инфекциясымен күрес бойынша арнайы оқытудан өткенін баяндады. Тұрғындар арасында да ковидке қарсы вакцинациялау бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары, тиісті іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізіліп жатқандығын айтты.
Айта кетейік, Шымкент қаласында осы жылдың басынан бері COVID-19 ауруының 314 жағдайы тіркелді. Өткен тәуліктің өзінде COVID-19 инфекциясын 13 адам жұқтырғаны ПТР тест арқылы анықталды.
Бүгінгі күні қалада 1 060 төсек - орын бар (жұқпалы - 560 төсек орын, карантиндік -500 төсек орын). Аталған төсек орындарда 144 науқас ем алуда. Төсек-орын толымдылығы 13% құрайды, яғни 916 төсек орны бос.