Шымкент қаласының «Достық үйінде» қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің алғашқы отырысы өтті.
Жиынға Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов қатысып, ақсақалдар кеңесінің ережесі мен құрамы қалалық ассамблея төрағасының шешімімен бекітілгенін айтты. Консультативтік-кеңесші органмен жалпыұлттық бірлікті нығайтуда мемлекеттік саясат аясында бірлесе жұмыс жүргізетінін жеткізді.
– Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ақсақалдар кеңесін құру туралы тапсырмасын орындау мақсатында құрылған кеңес – мемлекеттік органдарға, азаматтық қоғам институттарына қазақстандық бірегейлікті нығайту, азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегінде шоғырландыруға жәрдемдесу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, этносаралық жанжалдың алдын алу сынды міндеттерді қоғамдық негізде іске асырады, - деді басқарма басшысы.
Мемлекет және қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиевтің жетекшілігімен өткен отырыстың күн тәртібінде кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбек құқығының сақталуы, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың Әл-Фараби ауданында жүзеге асырылуы талқыға салынды. Ақсақалдарға қаламызда тұрғындардың еңбек құқығы қалай сақталып жатқанын еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов баяндап берді. Оның айтуынша, осы жылдың үш айында 340 азаматтың өтінімі қаралған екен.
Шымкент қаласында халықтың 37 пайызын өзге этнос өкілдері құрайды. Саяси тұрақтылық пен елдің татулығын сақтауда Әл-Фараби ауданында атқарылып жатқан жұмыстарды аудан әкімінің орынбасары Балтабай Смайлов айтып берді. Аудан әкімдігі жастар арасында «Ұлт аралық татулық», «Ырыс алды – ынтымақ» және «Қоғамдық келісім және жалпы ұлттық бірлік» тақырыптарында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізеді екен.