Бүгін, 9 ақпан - Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Қазақ поэзиясының "хантәңірі" биыл тоқсанның төріне шықты.
Осы орайда сайтымыздың тілшісі Назерке Бимахан қала тұрғындарынан ақынның шығармашылығы мен өмір жолы жайлы сауалнама жүргізген еді. Қазақы қаймағы бұзылмаған, қара өлеңнің бағасын жетік білетін Шымқала жұртының басым бөлігі ақын өлеңдерін жатқа соқты.
М.Мақатаев 1931 жылы Нарынқол өңірінің Қарасаз ауылында дүниеге келген.
Ол - қазақ поэзиясына қайталанбас туындыларымен, отты жырларымен келген ақын. Өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтерді.
Мұқағали поэзияда туған өнер деңгейіндегі ғана құбылыс емес. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының парасатын кемелдендіре түсті.
Мұқағали Алматыда өмір сүрген жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын таныта білді. Оның бала кезі сұм соғыстың қасіретті жылдарына тұспа-тұс келеді.
Мұқағали Мақатаев алпысыншы жылдардың басында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, 1963-1965 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), 1965-1972 жылдары «Жұлдыз» журналдарында, 1972-1973 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарған.
Күні бүгінге дейін халықтың ақын шығармашылығына деген құрметі бір мысқал кеміген емес.