Шымкентте Түркі халықтарына ортақ ұлы ақын, ойшыл Әлішер Науаидың 580 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік форум өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Іс-шара қалалық Білім басқармасы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, өзбек этномәдени бірлестігі мен «Дустлик» қауымдастығы және Ә.Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінің ұйымдастыруымен өтті.
«Науаи – заман мен халықтарды біріктірген ұлы тұлға» тақырыбындағы форум онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркия елдерінің ғалым, мұғалімдері қатысып, тәжірибе алмасты.
Рухани кеш барысында қатысушылар мәдениетті дамыту, әдебиетке деген қызығушылықты қалыптастыру, сондай-ақ түркітілдес ақындар мен ойшылдардың әдеби мұрасын насихаттау мәселелерін қозғады.
Айта кетейік, халықаралық Ана тілі күні 1999 жылдың қарашасында ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында жарияланып, 2000 жылдың ақпан айынан бастап жыл сайын тілдік және мәдени әртүрлілік пен көптілділікті насихаттау мақсатында атап өтіліп келеді.