«АҚЖАР» ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ПАРТИЯ НАЗАРЫНДА

«АҚЖАР» ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ПАРТИЯ НАЗАРЫНДА

Бүгін AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мүшелері AMANAT партиясының 2023-2027 жылдарға бекітілген «Халықпен бірге!» атты Шымкент қаласының сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша әзірленген Жол картасында бар «Ақжар» қосалқы станциясына барып, құрылыстың мән-жайымен танысты.

Осыдан бес жыл бұрын құрылысы басталған нысанның жалпы аумағы 732 шаршы метрді құрайды. Қазіргі кезде жұмыс қарқынды жүруде. Дегенмен шешуін таппаған мәселе де жоқ емес екен. Жоспар бойынша нысан осы жылдың сәуір айында қолданысқа берілуі тиіс еді. Бірақ, құрылыс жұмыстары барысында 5 жарым шақырымға жуық 110 кВ кабель желісі ұрлану фактісі орын алуы себебінен, қаржы жағынан қиындықтар туып, аталған мәселе шешілмей тұрып қалды.

– Бұл мәселе шешімін тауып, өз қаражатымыз есебінен қайта қалпына келтіу жұмыстары жалғасуда. Мамыр айында қала әкімі нысан құрылысын барысын қарау барысында мердігер мекемеге қыркүйек айында аяқтау бойынша тапсырма берген болатын, алайда, тапсырыстан кейін кабельдің дайындалу, технологияға сәйкес оны салып, жалғау уақытын ескерсек аталған мерзімге аяқталмау қаупі бар. Сондықтан қараша айына дейін уақыт сұрап отырмыз, – дейді «ТПЭП» ЖШС-нің Шымкент қаласы бойынша жоба жетекшісі Бақберген Бакалбаев.

Бүгінгі таңда, станцияға 110 кВ-тық трансформатор, «Забадам» қосалқы станциясынан «Ақжар» қосалқы станциясына дейін ұзындығы 15,2 шақырымды құрайтын 110 кВ жер асты кабель желісі салу 95 пайызға орындалған. Енді ұрланған тұсқа кабель желісін салу жұмыстары қалды. Ал, ұрланған кабель бойынша Ресей мемлекетінен кабель өндіруші компания шеф инженерімен кабельдерді тексеру жүргізіп, қайта сатып алу керек кабель желісіне тапсырыс беріліп қойған.

Құрылыс жұмыстарын зерделеген халық қалаулылары да аталған нысанның құрылысына алаңдаулы.

– Мердігер компания нысанды толық тапсырған жоқ. Қазіргі таңда бүкіл шығын компания мойнында. Осы мәселе бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, партия құрылысты бақылауда ұстап отырмыз. Біздің мақсат нысанды ертерек халық игілігіне ұсыну. Қаншама бизнес нысандары осы станциядан электр энергиясын алу көзделген, – дейді қалалық мəслихаттың депутаты, партияның фракция жетекшісі Қайрат Имашев.

Айта кетейік, жаңа қосалқы станция іске қосылғанда 50 мыңға жуық халық және сол аумақтағы бизнес объектілері сапалы электр қуатымен қамтылады.

«Шымкент келбеті»