Алдағы 5 жылда ауыл тұрғындарына 250 млрд. теңге шағын несие беріледі, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.
- Ауылда шағын несие беру жалғасатын болады. Өткен жылдың өзінде бұл мақсатқа 43,2 млрд теңге бағытталды. Бұл 11 мыңнан астам шағын несие беруге мүмкіндік берді. Оның 60 пайызын стартап - жобалар құрайды. Бағдарламаны іске асыру ауылда 11 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Алдағы бес жылда 250 млрд. теңге сомасына 50 мың шағын несие беру жоспарланып отыр, - деді агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттары және инвестициялық жобалардың іске асырылуы туралы баяндаған Сапархан Омаров.
Оның айтуынша, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
- Бұл үшін өткен жылы министрлік субсидиялау тетіктерін қайта қарайды. Олар белгілі бір салаға баса назар аудармай, бірыңғай тәсілдемені көздейтін болды. Сондай-ақ шағын және орта фермерлердің субсидиялауға қол жеткізуі шектері өзгертілді, - деді министр.