Халықпен тұрақты байланыс орнатып, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге атсалысу – AMANAT партиясының басты мақсаттарының бірі. Осыған орай Шымкент қаласының Абай ауданына қарасты Көкбұлақ тұрғын алабында партияның қалалық филиалы «Құқықтық көмек» жобасы аясында көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырды.
Қоғамдық қабылдауға партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Әсел Қожахметова, қалалық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, сондай-ақ қала және аудан әкімдігінің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен кәсіби заңгерлер қатысты. Олар тұрғындардың жеке өтініштерін тыңдап, арыз-шағымдарына жауап берді.
Кездесу барысында азаматтар негізінен инфрақұрылым мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, елдімекен ішіндегі жолдарды жөндеу, сапалы ауыз су мен электр энергиясын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Бұған қоса, балаларға арналған ойын алаңшаларын салу туралы да ұсыныстар білдірілді. Әрбір өтініш арнайы хаттамаға енгізіліп, тиісті басқармаларға жолданды. Партия өкілдері көтерілген мәселелердің барлығы бақылауда болатынын және шешімін табуға ықпал ететінін жеткізді.
Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай көшпелі қабылдаулардың маңызы зор. Себебі азаматтар күнделікті өмірде кездесетін әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін дер кезінде жеткізе алады. Тұрғындардың пікірін тыңдау арқылы билік пен халық арасындағы байланыс нығайып, шешімін күткен түйткілдер жедел қаралады.
Айта кетейік, тұрғындардың әлеуметтік және құқықтық мәселелерін шешуге бағытталған «Құқықтық көмек» жобасы қала аумағында тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жыл басынан бері Шымкент қаласында 253 қоғамдық қабылдау өткізіліп, 1997 азаматтың өтініші қаралған. Оның ішінде 71 пайызы оң шешімін тапқан, ал қалғанына заң аясында түсініктеме берілген. Бұдан бөлек, қалалық және аудандық филиалдарға 8171 жеке шағым түсіп, олардың 82 пайызы қанағаттандырылды.
AMANAT партиясы алдағы уақытта да осындай қоғамдық қабылдауларды жалғастырып, халықтың талап-тілектерін орындауға жүйелі түрде жұмыс жүргізетін болады.
Шымкент келбеті