Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры мекеменің 40 жылдық мерейтойы аясында «Шымкенттен шашу» гастролдік сапарын бастады. Сапар барысында театр ұжымы 40 қалаға сапар шегіп, көрерменге 12 жаңа қойылымын ұсынады.
Кеше театр сахнасында жаңа қойылымның бірі гректің «Антигона» трагедиялық шығармасының тұсаукесері болды. Антигона – ежелгі грек мифологиясындағы Фива патшасы Эдиптің қызы. Ата-анасына деген сүйіспеншілік пен бауырмашылдық, қайырымдылық пен қажырлылық, тазалық пен мөлдір махаббат үлгісі болған Антигона ежелгі грек драматургі Софоколдың ең таңдаулы шығармаларының бірі. Ал, 1943 жылы француз драматургі Жан Ануй Софоколдың таргедиясына сүйене отырып, өз «Антигонасын» жазады. Өйткені қоғамдағы әділетсіздік, саяси қақтығыс, басқыншыларға бағынбау барлық кезде болған. Неміс оккупациясы кезінде өмір сүрген жазушы үшін Антигонаның бейнесі жоғары моральдың және әділетсіздікпен күрестің символына айналады.
– Бұл қойылымды бір жарым ай ішінде дайындадық. Театр актерларының мүмкіншілігін көрсету мақсатында жан-жақтан ең таңдаулы режисерларды шақыруды жоспарлаған болатынбыз. Бүгінгі «Антигона» қойылымын елімізге танымал режисер Қуандық Қасым қойды. Бұл шығарманы таңдаған себебіміз, біздің көрермендеріміз жастар болғандықтан, шығарманың жас ұрпаққа берер тағлымы зор. Сонымен қатар өзімізді қуыршақ артына жасыра бермей, шеберлігімізді осындай ерекше форматта көрсеткіміз келді. Қыркүйек айында осы қойылыммен Македонияға бару жоспарымызда бар. Ол жақта жыл сайын антикалық шығармалардан халықаралық фестиваль өтеді. Мақсатымыз – Скопье сахнасында шеберлігімізді көрсету, – дейді театр басшысы Самат Алтай.
Жалт-жұлт жылтыраққа алданып, өмірлік маңызы бар құндылықтарды толық зерделей алмай жүрген уақытта шығарма терең ойға жетелейді екен. Актерлермен бірге көрермен де сахнадағы кейіпкер ғұмырын бірге кешкендей мың түрлі толқынысқа түсті. Жас актерлардың шеберлігі тамсандырды. Кішкене ғана театрдың ішіне толған жастарды да сендірді.