Шымкентте қала тұрғындарын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде бірқатар елдімекендерде құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындарға сапалы ауыз су, электр қуаты берілуде.
Қазіргі уақытта Асар-2 елдімекенінің тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту үшін «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і жекеменшік желілерден ажыратып, мемлекеттік электр желілеріне қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қаншама жыл жекеменшік трансформатордың әлсіз жарығына мұқтаж болған асарлықтар енді сапалы электр қуатына қол жеткізбек. Бүгінге дейін 60 отбасы электр қуатымен қамтылса, қалған үйлерді қосу жұмысы рет-ретімен жүзеге асырылады. Бұған дейін Асар-2 елдімекені тұрғындары электр қуатына 27-30 теңгеден төлесе, енді тариф құны 16 теңгеге төмендейтін болады.
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы абоненттеу жұмыстары тұрғындардың құжаттарды тапсыруына байланысты ретімен жүргізілетінін ескертеді.