​АСАР-2 ШАҒЫН АУДАНЫНДА «ОТБАСЫ БАНКТІҢ» ЖАҢА КОНСУЛЬТАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

​АСАР-2 ШАҒЫН АУДАНЫНДА «ОТБАСЫ БАНКТІҢ» ЖАҢА КОНСУЛЬТАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласының Асар-2 шағын ауданында «Отбасы банк» АҚ-ның жаңа консультациялық орталығы ресми түрде ашылды. Шара барысында «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев сөз сөйлеп, орталықтың ашылуы қала тұрғындары үшін қолжетімді баспана алу жолында маңызды қадам екенін атап өтті.

— Бұл орталық қала орталығына қатынауы қиын шеткі аудандардағы тұрғындарға ыңғайлы қызмет көрсетеді. Біз әрбір азаматтың өз шаңырағына ие болуына жағдай жасау үшін жұмыс істейміз, – деді ол.

Жиналған тұрғындар да қуанышын жасырмады. Олар банк бөлімшесінің үй іргесінен ашылуы уақыт пен жол шығынын үнемдейтінін, кеңес алуды жеңілдететінін айтты.

— Бұрын орталыққа бару үшін жарты күн кететін. Енді кеңес те, құжат рәсімдеу де осы жерден жасалады. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік. Өзім жақында осы банк қызметін пайдаланып, үйлі болдым. Ендігі мақсатым өсіп келе жатқан ұлдарыма депозит ашу. Бүгін бірінші болып кеңес алғалы тұрмын, – дейді Асар-2 тұрғыны Ержан Маханбеталиұлы қуанышын жасырмай.

Соңғы жылдары Шымкенттің шет аймақтарында, әсіресе Асар-2, Тұран, Нұртас және Қайнарбұлақ сияқты шағын аудандарда көп қабатты тұрғын үйлер жаппай салынып келеді. Бұл үрдіс мемлекет жүзеге асырып отырған бағдарламалардың арқасында қарқын алған. Жаңа консультациялық орталықтардың ашылуы тұрғын үйге қолжетімділікті арттырып қана қоймай, халықтың қаржылық сауаттылығын да көтереді деп сенеміз. Ақша тиыннан құралатынын ескерсек, баспаналы болғысы келетіндерге де жинақ керек екенін түсінетін уақыт. Осы тұрғыдан алғанда, Асар-2-де ашылған бөлімше тұрғындарға ипотекалық бағдарламалар, депозит ашу, тұрғын үй жинақтары мен несие шарттары жөнінде жан-жақты ақпарат беретін болады.

Айта кетейік, банктің қалада 250 мыңнан астам салымшысы бар. Өткен жылы 5 мыңнан астам салымшы өз баспанасына қол жеткізді. Ал биылғы жылдың басынан бері 3 мыңға жуық тұрғын үйлі болды.

Сатып алушылардың басым бөлігі «Наурыз» бағдарламасын тиімді деп таныған. Банк басшылығы жыл соңына дейін қалада тағы екі консультациялық орталық ашуды жоспарлап отыр. Осылайша, жаңа орталықтың жұмысы қала халқының баспана мәселесін шешуге елеулі үлес қосып, мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асыруға септігін тигізбек.

«Шымкент келбеті»