«ASHYQ» қосымшасын енгізу туралы ҚАУЛЫ жарияланды

«ASHYQ» қосымшасын енгізу туралы ҚАУЛЫ жарияланды

ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 30 сәуірдегі №18 «Кәсіпкерлік объектілерінде «Ashyq» мобильдік қосымшасын енгізу туралы» ҚАУЛЫСЫ шықты.

Айта кетейік, осы жылдың 1 сәуірінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Ashyq» жобасын республика шеңберінде кеңейту туралы тапсырма берді. Бүгінде аталған жобаға елімізде Шымкенттен бөлек, бірнеше өңір қосылып отыр.

«Ashyq» жобасы – қоғамдық орындарға келушілерді тіркеу қосымшасы, ал мақсаты – пандемия жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Яғни, келуші қоғамдық орынға кірерде QR-кодты сканерлеп, өзінің статусын анықтайды. Ал оларға статус ПТР-зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Сovid-19 инфекциясын бақылау орталығының ақпараттық жүйені салыстыруы негізінде тағайындалады.

«Ashyq» бағдарламасына қатысушы кәсіпкерлер үшін QR-кодты алу ережесі өзгерген. Ол бойынша бизнес иелері «infokazakhstan.kz» сайтында өтініш беруі қажет. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану орындары және кинотеатрлардың иелері, ең алдымен, өтінішті салалық қауымдастыққа жолдайды. Содан соң, «infokazakhstan.kz» сайтынан QR-код алады.

Айта кетейік, жобаны енгізуді жеңілдету үшін Telegram мессенджерінде @support_ashyq_bot техникалық қолдау қызметі іске қосылған. Ал сұрақтар бойынша Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінуге болады.

Біз бұған дейін Шымкент қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаевтың қатысуымен өткен брифинг барысында аталған қаулы туралы жазғанбыз.