Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сабира Адамбекова мәлімдеді.
– «Ashyq» жобасы аясында мобильді қосымша арқылы QR-кодты пайдалану және ПТР-дің ортақ базасымен интеграциялау есебінен келушінің мәртебесін анықтайды. Бүгінде қала бойынша кәсіпкерлерден жобаға қатысуға 858 өтінім түсіп, оның 404-не QR код берілді. Ал қалғандары қаралу үстінде. Арасында өтінім барысында қателік жібергендері де бар. Олар түзеп, өтінімді қайта тапсыра алады. Бұл ретте әкімдік сайтында күнделікті жобаға қатысушылардың тізімі орналастырылуда. Қазіргі уақытта олардың жалпы саны 247-ге жетіп отыр, – деді Сабира Құршидқызы.
Спикердің сөзінше, аталған жобаға тіркелген нысандарға жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, қалада қоғамдық тамақтану орындары дүйсенбі мен бейсенбі күндері сағат 09:00-ден 22:00-ге дейін, қалған күндері сағат 09:00-ден 20:00-де жұмыс істейді. Ал «Ashyq» жобасына тіркелген нысандар жұмысын күн сайын сағат 07:00-ден 02:00-ге дейін істей алады.
Баспасөз мәжілісінде Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов ақпараттық жүйе арқылы «қызыл» және «сары» статусы анықталған азаматтар жайында мәлімет жеткізді.
– Бұл жобаның негізгі мақсаты – коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу, тұрғындар арасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы мақсатқа орай құрылған жүйе барысында бүгінге дейін 51 «сары» және 15 «қызыл» статусы бар азамат анықталды. Мұндай кезде бастапқыда ескерту беріледі. Егер қайталанса, әкімдік шара қолданылады, – деді А.Ахметов.
Осы орайда Алдарқұл Райымқұлұлы қала тұрғындарын карантиндік шектеулер мен санитарлық нормаларды сақтауға шақырды.
Еске салсақ, мобильді қосымшада вакцинацияланған азаматтар туралы ақпарат жоқ. Бірақ қазіргі таңда «Ashyq» қосымшасын вакцинация паспортымен біріктіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл интеграциядан соң, екпе алған және Сovid-19 (72 сағат) үшін теріс ПТР тесті бар тұрғындар «жасыл» статусқа ие болады. Ал нейтралды тұлғалар «көк» түсті көрсетеді. Яғни, олар – оң ПТР-і жоқ және науқастармен жақын байланыста болмаған адамдар.
Айта кетейік, қала тұрғындары өз статусын «http://ashyq.kz/» сайтынан қашықтан тексеруге болады. Одан бөлек, мәртебесін «Ashyq» қосымшасын жүктеу арқылы анықтай алады.