Студенттердің стипендиясы жыл сайын 20%-ға артып, 2 есе өседі. Ал магистранттар мен докторанттардың стипендиясы жыл сайын 10%-ға артып, 1,5 есеге көбейеді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Мәжілісте онлайн режимде өтіп жатқан Nur Otan партиясы парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
Елімізде жастардың әлеуетін іске асыру барысында олардың білім алып, жұмыс істеп, баспаналы болуы үшін, сондай-ақ, елдің қоғамдық-саяси өміріне араласуы үшін жағдай жасалады.
Үкімет басшысының сөзінше, жастар сұранысқа ие мамандықтар бойынша орта білімді тегін алатын болады. Биыл тегін оқу мүмкіндігі 20 мың адамға беріледі. Кейін жыл сайын квота ұлғайтылып, 2025 жылы 50 мыңға дейін жеткізіледі.
2022 жылы Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша Петропавл және Шымкент қалаларында екі озық ЖОО құрылады. 2025 жылға қарай колледждер мен университеттер жатақханаларында кемінде 50 мың орын пайдалануға беріледі. Жыл сайын 10 мың орын беріледі, - деді премьер-министр кеңейтілген отырыста.
Сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмыс істейтін жастар үшін жыл сайын 3 мың жалдамалы пәтер табыс етілмек.
Айта кетейік, Мәжіліс отырысында Мамин 2023 жылға қарай мұғалімдер жалақысы 330 мың теңгеден асатынын айтқан болатын.
Фото: ашық дереккөз