Шымкентте Ұлттық домбыра күні «Ұлы дала мұрасы» атты ашық аспан астындағы концерттік бағдарламаға жалғасты. Қала тұрғындары кешке Шәмші әлемі аллеясына жиналып, Қазақ халық аспаптары оркестрінің өнерін тамашалады. Салтанатты кеш Ұлытау облысынан келген халықтық «Ұлытау сазы» фольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасымен басталды.
Мерекелік кеште сөз алған қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшы Сәкен Шакеев қала тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтап, төл өнерімізді дәріптеу әр қазаққа парыз екенін алға тартты.
– Бүгін – еліміз үшін ерекше мейрам. Оны атап өту арқылы халқымыздың рухын көтеріп, танымын арттырамыз. Сондай-ақ, ұлы дала дәстүрлерін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, төл өнеріміздің құдіретін танытамыз. Ежелден дана халқымыз ауызбен айта алмағанды домбыраның күмбірімен жеткізе білген. Атадан балаға мирас боп келе жатқан төл өнерімізді дәріптеу, келер ұрпаққа насихаттау әр қазақтың парызы деп ойлаймын, - деді басқарма басшысы.
Думанды жиында қалалық мәдениет үйінің Қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижёры Жамбыл Мейірбековтің жетекшілігімен Н.Тілендиевтің «Әлқисса», «Күлтегін» күйі, этно-фольклорлық ансамблінің «Көроғлы» күйі, «Әгугай» әндері, дәстүрлі қазақ әншілерінің шеруі, Марат Анашевтың «Алтынай - Ақжелең» күйі, этно-фольклорлық ансамблдің «Молдабайдың әні» шырқалып, халықтың ыстық ықыласына ие болды. «Қазына» би ансамблінің мың бұралған бишілері де көрерменге мерекелік көңіл сыйлады.
Бүгінгі концертті тамашалауға келген Шымкент қаласының «Құрметті азаматы», «Парасат» орденінің иегері ардагер Шерім Медеуов елімізде ұлттық аспапты ұлықтап, арнайы мерекелер қатарына енгізілгені құптарлық іс екенін айтты.
– Соңғы жылдары домбыраны ұлықтау мемлекет деңгейінде қолға алынды. Қаланың мәдени іс-шараларына белсенді түрде қатысып келемін. Ал, домбыраны дәріптейтін үлкен концертті алғаш рет көріп отырмын. Қазір Ұлытаудан келген «Ұлытау сазы» ансамблі мен қаламыздың дәстүрлі ән мен күй, этно-фольклорлық ансамблінің өнерін тамашаладық. Өнерпаздардың өнері халықтың көңілінен шыққанын байқап отырмын. Ұлттың руханиятынан сусындайтын керемет кеш болды, - дейді ардагер.