Шымкентте «Асыл жүрек» орталығы 80-ге жуық зейнеткерге тегін қызмет көрсетуде, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Онда қарт, қарияларды кардиолог, терапевт, невропатолог, физио-терапевт дәрігер мамандар қарайды. Ем алушылар таңертең күнделікті дәрігерлік тексеруден өтеді. Онда қан қысымы тексеріліп, температурасы мен салмағы өлшенеді.
Ақысыз ем алушылардың бірі - Күлайша Бойтанова. Ол орталықта желтоқсан айынан бері тегін қызмет түрлерін алуда. 62 жастағы зейнеткер орталықтағы өзінің өзгерістерімен бөлісті.
– Физиотерапия емдеу бөлімінде беломыртқа остеохондрозына «полимаг» аппаратында ем алдым. Бір аптаның ішінде белімнің ауырғаны азайып, еркін қимылдай алатын болдым. Сондықтан осы аппараттың ем нәтижесі жақсы екеніне көзім жетті. Орталықта компьютерлік сауаттылық, «Egov» электронды үкімет порталы курсында бір жолғы жасырын сөз, электрондық цифрлық қолтаңба алу, QR кодпен кіру жолдарын үйрендім. Сондай-ақ, йога жаттығуларының да маған көп көмегі тиді, – дейді Күлайша Төлегенқызы.
«Асыл жүрек» орталығы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен 2019 жылы 7-ші маусымда салтанатты түрде ашылды. Ғимарат медициналық тексеруден өту аймағы, интернет - кафе (egov.kz «Электронды үкімет» порталы), емдік-уқалау және кинозал, кітапхана, тренажерлық және спортпен шұғылдану (йога, би, үстел теннисі, бильярд), сенсорлық кабинет, тілдер курсы (қазақ тілі, ағылшын тілі, латын әліпбиі), қолөнермен жұмыс жасау аймақтарымен жабдықталған.