​АТА ЗАҢ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТІРЕГІ

​АТА ЗАҢ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТІРЕГІ

Бүгін Шымкент қалалық прокуратурасының бастамасымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Ата заң – тәуелсіздік тірегі» атты дөңгелек үстел өтті.

Жиынға қала прокурорлары, саяси партия төрағалары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Шара еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар ел Конституциясының маңызы, заң үстемдігін қамтамасыз ету жолдары және азаматтардың құқықтарын қорғау туралы ойларын ортаға салды.

Прокуратура өкілдері жиын барысында соңғы жылдардағы маңызды реформалардың бірі – азаптау фактілерін тергеу тікелей прокуратура органдарының құзыретіне берілгенін ерекше атап өтті. Бұл қадам құқық қорғау жүйесінде ашықтық пен әділеттілікті арттыруға бағытталған. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген өзгерістерге сәйкес, азаптаулардың себептері мен жағдайларын саралау негізінде қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауға арналған бірлескен бұйрық қабылданды. Бұған қоса, қаламызда алғаш болып, күдіктілер мен сотталғандардың конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететін арнайы алгоритм енгізілген. Ол үш кезеңнен тұрады. Олар – ұсталған тұлғаларды прокурордың жеке сұрауы, бұлтартпау шарасын санкциялау кезінде күдіктілермен тілдесу, қылмыстық іс тоқтатылған жағдайда қайта сұрау. Дөңгелек үстел барысында сөз сөйлеген қала прокуратурасының басқарма прокуроры Жанерке Атықаева осы жаңашылдық жайында сөз қозғап, баяндама жасады.

Прокурордың айтуы бойынша, құқық қорғау органдарында бейнебақылау жүйесі толық енгізілген. Тергеу изоляторлары, уақытша ұстау абақтылары мен полиция басқармалары бейнекамералармен толық қамтылған. Камералар ғимараттың соқыр аймақтарына дейін орнатылып, күдіктілердің туыстары мен адвокаттары прокурормен тікелей байланыса алатын арнайы домофон құрылғылары іске қосылған. Сонымен қатар, кезекші прокурорлар тәулік бойы бейнежетондар арқылы бақылау жүргізіп отыр. Бұл жүйе кез келген арызды дер кезінде тіркеуге мүмкіндік беріп, заңсыз әрекеттерді жасыруға жол бермейді.

Осының арқасында Шымкент қаласында 2023–2024 жылдары азаптау фактілері бойынша бірде-бір қылмыстық іс тіркелмеген. Ал 2025 жылдың басында тіркелген бір істің ақталатын негізбен тоқтатылғаны атап өтілді.

– Конституцияның ең басты талабы – адам құқығы мен қадір-қасиетін қорғау. Азаптау фактілері осы талапқа қайшы келеді. Сондықтан әрбір прокурор, әрбір құқық қорғау органы қызметкері заңдылықты бұлжытпай сақтап, азаматтарға әділетті көзқарас танытуға тиіс. Біздің басты міндетіміз – мұндай жағдайларға мүлде жол бермеу. Бұл тек заң талабы емес, қоғам мен халық алдындағы қасиетті парызымыз, – дейді Жанерке Атықаева.

Сонымен бірге жиын барысында прокуратура өкілдері құқық қорғау саласы тек заң бұзушылықпен күресіп қана қоймай, қоғаммен тығыз байланыс орнатуға мүдделі екенін жеткізді. Әсіресе, жастармен жұмыс жүргізу, олардың құқықтық сауатын арттыру, әділетке деген сенімін нығайту және елге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру басты назарда екені атап өтіліп, прокуратура қызметкерлері жас буынға патриоттық тәрбие беріп, әділетті қоғам құру ісіне барлық сала өкілдерімен бірге жұмылуға дайын екенін айтты.

«Шымкент келбеті»