​Ауданда абаттандыру жұмысы қарқын алып келеді

​Ауданда абаттандыру жұмысы қарқын алып келеді

Бүгін Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Маратбек Мықтыбеков Өңірлік коммуникациялар орталығында 8 айдың қорытынды есебін берді.

Оның айтуынша, аудан аумағында 17 шағын аудан және 1 елді мекен орналасқан. Жалпы 931 көппәтерлі және 16 663 жеке тұрғын үй бар. Халық саны 266 806 адамға жеткен. Сондай-ақ 390 көше мен 257 әлеуметтік нысан орналасқан. Аудан инфрақұрылымы толық қамтылған. Соның ішінде ауыз су, электр жарығы және табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызды құрайды.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл 33 балалар ойын алаңшасы мен 2 спорт алаңшасы абаттандырылды. Қосымша 5 аулада жұмыстар жалғасып жатыр. Келесі жылы 56 аула, ал 2027-2028 жылдары 52 аула абаттандырылмақ. Сондай-ақ, 6 спорт алаңшасына жөндеу жұмыстары жергілікті мекеме тарапынан, тағы 3 алаңшаға демеушілер есебінен жүргізілген. Жалпы аудан аумағында 113 спорт алаңшасы бар.

Жарықтандыру бағытында биыл 133 көшеге шам орнату көзделсе, соның 42-сінде жұмыс аяқталған. 112 көппәтерлі үйдің 63 ауласына жарықшамдар қойылып, қалған 49 ауладағы жұмыс жыл соңына дейін бітуге тиіс. Сонымен қатар, 21 көппәтерлі үйдің қасбеті жарықтандырылып, жалпы 33 млн теңге жұмсалған. Мәдени көріністі арттыру мақсатында 11 тұрғын үйдің қасбетіне муралдар салынып, бұл жұмыстарға 7,1 млн теңге бағытталыпты.

Көшелерді жөндеу де басты назарда. 390 көшенің 365-іне асфальт төселген. Биыл 25 көшеге жаңа асфальт төсеу жоспарланып, бүгінге дейін 18 көшенің жұмысы аяқталған. Сонымен қатар, 85 көшенің асфальт қабатын жаңарту қарастырылған. Бүгінгі өзінде 23 көше жаңартылды, қалған 62 көшенің жұмысы жыл соңына дейін аяқталады. Аула ішіндегі 59 аула асфальтталса, соның 40-да жұмыстар толық жүргізілді.

Жыл басынан бері 16 көшеде аяқжол салу жоспарланып, 9 көшеде аяқталған. Басқарма тарапынан белгіленген 21 көшенің 12-сінде аяқжол құрылысы толық орындалыпты. Ирригациялық жүйені жетілдіру бағытында 19 аулаға арық орнату қарастырылып, 13 аулада 1 630 метрлік жұмыстар жүргізілген. Бұған қоса, 15 көшенің 7-де тиісті басқарма тарапынан арық орнату жалғасып жатыр.

Осылай деген ол аудан аумағында саябақтар мен демалыс аймақтарын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын тілге тиек етті. Демеушілер мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 5 жаңа сквер салынып жатыр. Бұлар Ш. Қалдаяқов көшесі бойында, Әл-Фараби алаңында, А. Жангелдин көшесінің №3 және №24а аумағында, сондай-ақ А. Молдағұлова көшесінің бойында орналасады.

Ал қысқы маусымға дайындық аясында 931 көппәтерлі тұрғын үйдің 861-і орталық жылу жүйесіне қосылған. Соның ішінде 832 үй немесе 97 пайызы сығымдау жұмыстарынан өтті. Тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында биыл 20 үй қамтылып отыр. Соның 13-іне жөндеу жүргізілсе, 7 үйдің жұмысы жалғасып жатыр. Реновация жобасымен 4 мекенжайда құрылыс жұмыстары қосымша жүргізіліп келеді. 2029 жылға дейін 28 апатты үйді бұзып, 235 меншік иесін жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Сауда орындарын жаңғыртуға да айрықша ден қойылған. Қазірдің өзінде «Орталық Қырғы» базарында жөндеу жұмыстарының 50 пайызы орындалды. «Назым апа» және «Көктем» базарында заңсыз сауда орындарын демонтаждау жүріп жатыр. Бұдан басқа, «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 41 рет сенбілік ұйымдастырылып, бұған 8 мыңға жуық адам мен 190 техника жұмылдырылып, 504 тонна қоқыс шығарылған. Ал қала тазалығын сақтау үшін негізгі көшелерге 275 қоқыс жәшігі орнатылып жатыр.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»