Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 15 мамырдағы Жарлығына сәйкес, Шымкентте аудандық соттар біріктіріліп, жаңа құрылыммен қайта іске кірісті. Бұл туралы бүгін Шымкент қалалық сотында өткен баспасөз брифингінде баяндалды.
Брифингте сөз алған Шымкент қаласының қылмыстық істер жөнінде сот алқасының судьясы Самат Мырзахметов жаңа құрылымның тұрғындарға тиімділігін атап өтті.
– Президент жарлығына сәйкес, Шымкент қаласының Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандық соттары бірігіп, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты және Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты болып қайта құрылды. Тұрғындар үшін мұның тиімділігі өте зор. Себебі қажетті қызметті бір жерден алу мүмкіншілігі туындап отыр. Сондай-ақ мемлекеттік баж салығының қысқартылуы, қағазбастылықтан құтылу да жаңа жүйенің іске қосылуымен ретке келмек. Кадр жетіспеушілігімен, кезек күтумен ешқандай мәселе туындамайды деген сенімдеміз. Туындаған жағдайда конкурстық негізде мамандар іріктеліп алынатын болады,– деді С.Мелдебекұлы.
Жаңа құрылымға көшкен сот жүйесінің мекенжайлары да өзгерді. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Желтоқсан көшесіндегі №1 нысанда және Қалдаяқов көшесіндегі №7а ғимаратына орналасты. Талап арыз, шағымдар мен жалпы құжаттарды қабылдау Желтоқсан көшесіндегі №1 мекенжайға ауысты. Ал Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьялары мен кеңсесі Тыныбаев көшесі №42 мекенжайға, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Майлықожа көшесіндегі №7 ғимаратқа көшті. Ал, Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу соты өз жұмысын Тыныбаев көшесі №42 ғимаратта жалғастыратын болады.
Айта кетейік, бұған дейін аудандарда қабылданып, әлі аяқталмаған сот істері тиісті мекемеде еш өзгеріссіз жалғасын табады.