​Ауған соғысының ардагерлері ұлықталды

​Ауған соғысының ардагерлері ұлықталды

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 32 жыл толып отыр. Осыған орай Шымкенттегі «Абай» саябағында арнайы іс-шара өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу жиынына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Қазақстандағы ауған және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов, одақтың жергілікті филиал жетекшілері мен ардагерлер қатысты.

Жиналған қауым алдымен сол соғыста опат болған жауынгерлердің құрметіне қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Марқұмдарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Сол жылдары Қазақстаннан Ауған жеріне жалпы 21 мыңнан астам сарбаз аттанса, бүгінде сол жауынгерлердің 14 мыңнан астамы қалды. Бүгінде сіздер, құрметті ардагерлер, жыл сайын марқұм қаруластарыңызды еске алып, жиналасыздар. Соғысты көрмеген адам бейбіт өмірдің құнын біліп, қолында барды бағаламауы мүмкін. Сол үшін Қазақстанда соғыс болмасын, бейбіт заман мәңгілік болсын деп тілейміз. Бүгінгі тілек-дұғаларыңыз қабыл болсын, соғыста қайтқан марқұмдардың жаны жәннатта болсын, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Жиын соңында кейін марқұмдардың рухына Құран аяттарын бағыштады.