​«АУЫЛ» Партиясы Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясын кең көлемде өткізді

​«АУЫЛ» Партиясы Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясын кең көлемде өткізді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде кең көлемде қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы бүгінде жалпы халықтық сипат алып келеді. Аталған экологиялық бастаманы елдің әр түкпіріндегі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтар мен саяси партиялар қолдап, нақты іс-шаралармен атсалысуда.

Осы ретте «АУЫЛ» партиясы Шымкент қалалық филиалымен белсенділері қаламызда экологиялық сенбілік ұйымдастырып, ел Президентінің бастамасын нақты әрекетпен қолдады. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, «АУЫЛ» партиясынан сайланған Айтбаев Талғат Ергенұлының бастамасымен және тікелей үйлестіруімен қаланың Тұран ауданында орналасқан Мақталы және Октябрь көшелерінде кең көлемдегі тазалық жұмыстары өткізілді.

Шараның басты мақсаты – қала аумағындағы экологиялық жағдайды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтардан тазарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеру. Сонымен қатар, бұл бастама арқылы қоғамдық ұйымдардың табиғатты қорғау ісіндегі жауапкершілігін арттыру көзделген.

Акция аясында көше бойлары, бос жатқан жерлер, жаяу жүргіншілер жолы мен қоғамдық орындар күл-қоқыстан тазартылды. Қалдықтарды сұрыптап жинауға және арнайы техникамен қала сыртындағы полигонға шығаруға ерекше мән берілді.

«АУЫЛ» партиясының бұл акциясына қаладағы белсенді бастауыш партия ұйымдары толық құрамда қатысты. Атап айтқанда, "Бәйтерек" БПҰ төрағасы Қуаныш Ашимханов, "Құлагер" БПҰ төрағасы Бауыржан Насырдинов, "Жарқын" БПҰ төрағасы Бекнұр Ажбанов, "ӨркЕн" БПҰ төрағасы Мэлс Нұрманов, "Жалын" БПҰ төрағасы Мамыр Исатаев және партия белсенділері мен партияластар да атсалысты. Сонымен қатар, экологиялық сенбілікке "Авто-Нұр" базарының басшылығы мен кәсіпкерлері де белсенді түрде қолдау білдіріп, өз күштерімен тазалық жұмыстарына үлес қосты. Базар әкімшілігі атынан Ахмеджан Мирсадыков іс-шараға тікелей қатысып, ұйымдастыру шараларына көмектесті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бұл акция – жай ғана сенбілік емес. Бұл – елдің ертеңіне деген жанашырлықтың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі. Таза қала – біздің ортақ үйіміздің айнасы. Сондықтан әрқайсымыз айналамызды таза ұстауға, табиғатты аялауға үлес қосуымыз керек», – деді халық қалаулысы.

Талғат Айтбаевтың тікелей қадағалауымен барлық жиналған тұрмыстық және құрылыс қалдықтары арнайы техникалар арқылы қала полигонына тасымалданды. Бұл – экологиялық талаптардың орындалуына деген жауапкершілікпен қараудың белгісі.

«АУЫЛ» партиясы – тұрақты экологиялық мәдениеттің жақтаушысы

Жалпы, «АУЫЛ» партиясы еліміздегі экологиялық мәселелерге бейжай қарамай, табиғатты қорғау бағытында түрлі форматтағы шаралар өткізіп келеді. Бұл – партияның басты ұстанымдарының бірі.

Партия мүшелері мен еріктілері «Таза Қазақстан» акциясына тек бір реттік шара ретінде емес, тұрақты үдеріс ретінде қарайды. Шымкент қаласы бойынша жыл басынан бері бірнеше мәрте сенбіліктер мен санитарлық тазалық шаралары ұйымдастырылып, оған жүздеген адам тартылды.

«Ауыл» партиясының Шымкент қалалық филиалы.