3–4 қазан күндері Түркістан облысы Төлеби ауданындағы көрікті «Тау Самалы» демалыс аймағында «Ауыл» партиясы жанындағы «Ауыл жастары» қанатының бастамасымен ұйымдастырылған Республикалық Ауыл жастары форумы өтті.
Форумға Қазақстанның барлық өңірінен келген 120-дан астам жас белсенді қатысып, ауылды жаңғырту, жастардың әлеуетін арттыру және ел болашағын ауылдан бастаудың маңызын талқылады.
Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Рахметоллаұлы Егізбаев бастаған партия делегациясы қатысты.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Жигули Дайрабаев, Анас Ахатұлы, Қарақат Абден, Таңсәуле Серіков пен Ерболат Сауруков өңірге арнайы келіп, жастармен ашық пікір алмасып, ауылды дамыту бойынша нақты ұсыныстарды тыңдады.
«Ауыл – ұлттың рухани өзегі. Бүгінгі жас ауылды ұмытпай, туған жерінде еңбек етсе – ертеңгі Қазақстанның келбеті өзгереді. Ауыл жастарының белсенділігі мен ойы – біздің болашағымыздың айнасы», – деп атап өтті Серік Егізбаев.
Екі күнге созылған форумның алғашқы күні жастарға арналған танысу тренингтері, командалық ойындар және мотивациялық сессиялар өтті. Бұл шаралар ауыл жастарының өзара байланысын нығайтып, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталды.
Кешкі уақытта форум қатысушылары елімізге танымал Қайрат Түнтеков, Еңлік сияқты әншілер және блогерлермен жүздесіп, олардың табыс жолы мен өмірлік тәжірибесінен үлгі алды. Шаттыққа толы ән мен әңгіме, еркін форматтағы кездесу жастардың жігерін арттырды.
Жастар лагері тек демалыс пен танысу орны ғана емес, идея мен ынтымақтың орталығына айналды. Форум аясында ауылдық аймақтарды дамыту, ауыл кәсіпкерлігін қолдау, ауылға қайту бағдарламалары секілді өзекті тақырыптар көтерілді.
Форум барысында шетелде білім алып, елге оралып ауылда кәсіп бастаған жас мамандар өз табыс тарихымен бөлісті. Олар ауылда да үлкен жетістіктерге жетуге болатынын тәжірибемен дәлелдеп, жаңа буын жастарға үлгі болды.
Мен ауылға қайтқан соң өз кәсібімді аштым. Бастапқыда қиын болды, бірақ бүгін 10-нан астам ауыл жастарын жұмыспен қамтып отырмыз. Ауылда мүмкіндік көп, тек соны көру мен бастау батылдығы қажет», – деді Шығыс Қазақстан облысынан келген форум қатысушысы, жас кәсіпкердің бірі Абилтаев мырза.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастардың басын қосқан жастар форумы ауылды дамыту жолындағы тың идеялар мен жаңа көзқарастардың тоғысқан алаңына айналды. Жастардың өмір сапасын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл инфрақұрылымын жетілдіру, білім мен мәдениетке қолжетімділікті кеңейту бағытында маңызды ойлар ортаға салынды.
Форум соңында жастар өз жобаларын ұсынды, ал партия өкілдері мен депутаттар олардың ұсыныстарын тыңдап, жастар саясаты мен ауыл инфрақұрылымын дамытуға қатысты нақты қолдау тетіктерін талқылады.
Бұл жиын ауыл мен қала арасындағы алшақтықты қысқартып, жастардың ауылды дамытуға деген сенімін арттырды.
«Біздің мақсат – ауылды жаңғыртуға үлес қосу, өз туған жерімізде еңбек етіп, табысқа жету. Ауылдан басталған қадам – елдің болашағына жол ашады», – деген ортақ оймен тарқасты.