Жас театр халықаралық сайыстан табыспен оралды

Жас театр халықаралық сайыстан табыспен оралды

Шымкент жастар театрының ұжымы жақында Алжирден халықаралық жеңіспен оралған еді. Бүгін сахара мәдени фестивалінен оралған өнер ұжымы баспасөз конференциясын өткізіп, өнер шаңырағының директоры Расул Медетов, көркемдік жетекші Мөлдір Зияева және театр әртісі Айым Онай БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді.

Театр директоры Расул Медетов «Антигона» қойылымы Алжирдегі халықаралық фестивальде ерекше табысқа жетіп, шетелдік әріптестер тарапынан көптеген әріптестік ұсыныстар түскенін айтып отыр. Оның сөзінше, Румыния алдағы маусымның 6-14 күндері өтетін халықаралық фестивальге шақырса, Египет те ұжымды өз сахнасында өнер көрсетуге шақырыпты. Сонымен қатар Қытай, Бразилия, Польша, Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясы елдерінің театр директорларымен келіссөздер жүріп жатқанын жеткізді.

Ал Алжирдегі халықаралық фестивальге 12 адамнан құралған делегация қатысып, 1-7 желтоқсан аралығында өнер көрсеткен. Фестивальге 12 мемлекеттен 30-ға жуық театр ұжымы қатысыпты. Осы ауқымды додада Шымкент жастар театрының Гран-при иеленуі өнер ұжымы үшін ғана емес, ел мәдениеті үшін үлкен мәртебе болып отыр. Себебі бір жасқа да келмеген театрдың бұл еңбегі ерекше құнды.

Алжир сахнасында өнер ұжымы француз драматургі Жан Ануйдың 1942 жылы жазылған «Антигона» туындысына негізделген классикалық шығарманы қойған. Әр ел өз қойылымын өз ана тілінде ұсынғанымен, көрермендерге түсінікті болған. Себебі актерлік шеберлік, мимика мен эмоция арқылы туындының мәні толық жеткізілді.

Осылай деген театр басшысы Алжирге барған актерлардың барлығы биыл Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын тәмамдаған жас мамандар екенін айтады. Олар әкімдіктің қолдауымен дуалды білім алмасу бағдарламасы аясында тәжірибеден өтіп, оқу бітірген соң толықтай ұжымға қосылған. Жас актерлардың халықаралық деңгейдегі жетістігі, ең алдымен бас режиссер Қуандық Қасымовтың еңбегінің нәтижесі. Ол жас таланттарды тәрбиелеп, халықаралық сахнаға дайындапты.

Десе де, алдағы уақытта өзге елдерде гастрольдік сапарлар мен халықаралық фестивальдерде актерлік құрам қойылым ерекшелігіне және режиссердің шешіміне байланысты өзгеруі мүмкін.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»