Бұрын автокөлікті тек автоХҚО-да немесе egov.kz электронды үкімет порталы арқылы тіркеуге болатын. Енді автоХҚО-ға бармай, kaspi.kz қосымшасы арқылы рәсімдеуге болады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Автокөлікті қосымша арқылы қайта тіркеу үшін автокөлік сатушысы мен сатып алушы барлық қажетті мәліметтерді толтыруы керек.
САТУШЫ: kaspi.kz қосымшасына кіріп, мемлекеттік қызметтер бөлімінен «Автокөлікті қайта рәсімдеу» қызметін таңдауы тиіс. Әрі қарай көлікті тіркеуден шығару батырмасын басып, айыппұл мен салық берешегі туралы ақпаратты тексеруге болады. Бұдан кейін сатып алушының ЖСН нөмірі мен көліктің сатылымға қойылған бағасы толтырылады. Егер сатушы көліктің нөмір белгісін сақтап қаламын десе, тиісті жерге белгі қоюы тиіс. Соңында сатушы электронды қолтаңбасы арқылы көлікті тіркеуден шығарады.
САТЫП АЛУШЫ: қосымшада «Автокөлікті тіркеуге қою» батырмасын басып, көлік жайлы мәліметтерді растайды. Көлікті сатып алу құнын төлеп, мемлекеттік тіркеу нөмірін қай автоХҚО-дан алатынын көрсетеді. Бұдан кейін нөмір белгісі мен техпаспорт, тіркеу үшін мемлекеттік баж салығын төлеу қажет. Көліктің тіркелгендігі жайлы хабар Kaspi қосымшасына 3 сағат ішінде келеді.
Қызмет құны: техпаспорт - 3646,25 тг, көліктің жаңа нөмірі - 8167,60 тг, тіркеу үшін - 729,25 тг.
Есіңізде болсын, Рәсімдеуді бастамас бұрын Kaspi электронды қолтаңбасын алдын ала алғаныңыз жөн.
«Азаматтар автокөлік орталығына бармай-ақ, көлікті қайта тіркеп, тіпті жүргізуші куәлігін ауыстыра да алады. Бұл азаматтардың уақыты мен шығындарын үнемдеп қана қоймай, қызмет алу барысындағы адами факторды толығымен жояды. Кезекте тұру қажеттілігінен босатып, сонымен қатар халықтың цифрлық сауаттылығының артуына ықпал етеді. Бұл ретте, ХҚО қызметкерлері тарапынан шымкенттік автожүргізушілерге смартфон арқылы көлікті қайта тіркеуге алу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.
Айта кетейік, автоХҚО-ға бармай-ақ, нөмірлік белгіні таңдап, автокөлікті есепке қойып, тіпті мемлекеттік нөмір мен куәлікті жеткізуді онлайн ресімдеуге болады. «МТНБ мен техпаспортты жеткізу» қызметіне eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы тапсырыс беруге болады.